Жеткіліктілік шегі 20 жастан бастап әр жас үшін бөлек есептелген.
Зейнетақы жинағын баспана немесе жер телімін сатып алуға, ипотеканы өтеуге, емделуге және қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалануға болады.
Айта кететін жәйт, зейнетақы жинағының бір бөлігін алған азаматтар соманың 10%-ін салық түрінде төлеуге міндетті.
Sputnik Қазақстан тілшілері елорда тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, олардың осыған қатысты пікірін сұрады.
Зейнетақы жинағын кім ала алады
2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады.
Олар:
- зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;
- зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.
Зейнетақы шотындағы ақшаны алу үшін салымшының жинағы жеткіліктілік шегінен асуы керек.
Әртүрлі жастағы адамдар үшін жеткіліктілік шегінің мөлшері қанша екенін Sputnik Қазақстан инфографикасынан оқыңыз.
Ақшаны қайда жұмсауға болады
- баспана (жаңа және қолданыстағы үйлерден) немесе жер учаскесін сатып алу;
- ипотеканы қайта қаржыландыру немесе өтеу (кез келген екінші деңгейлі банкте, кез келген бағдарлама бойынша);
- жеке тұрғын үй салу, кеңейту немесе жөндеу;
- ем ақысын төлеу;
- зейнетақы жинағын қаржы компанияларына басқаруға беру.
Зейнетақы шотындағы ақша қолға берілмейді, бірыңғай оператор арқылы мақсатты түрде пайдаланылады. Қазақстандықтар зейнетақы жинағын бір емес, бірнеше рет ала алады.