НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Әлеуметтік желілер мен мессенджерде зейнетке шығу жасы төмендейтіні туралы тараған ақпарат – жалған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Қазақстанда зейнеткерлік жасы өзгертілетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Ведомство жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жазаланатынын еске салды.
Қолданыстағы заңға сәйкес, ерлер 63 жаста, ал әйелдер қазір 59,5 жаста зейнетке шығады.
Әйелдердің зейнет жасы
"Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңда әйелдердің зейнетке шығу жасын он жыл ішінде, 2018 жылдан 2027 жылға дейін алты ай сайын арттыру көзделген.
Осылайша оларға жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімін және зейнетақы жинағын ұлғайтуға мүмкіндік беріледі. Әйелдердің зейнеткерлік жасы ынтымақты зейнетақы жүйесінің біртіндеп "тоқтатылуына" байланысты көтеріліп отыр (ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін есепке алынады, сондықтан оның мөлшері жылдан жылға азаяды).
Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағының бір бөлігін алған кезде салық төлеу керек
"Бұл болашақта оларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемін және мемлекеттік базалық зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік береді. Оның мөлшері 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады", - деп еске салды министрлік.
Зейнетақыны ерте алуға құқығы бар әйелдер үшін зейнет жасы өзгерген жоқ:
- 5 немесе одан көп бала туып (асырап алып), оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер - 53 жаста;
- Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қаупі бар аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейін кемінде бес жыл өмір сүрген әйелдер - 45 жаста.
Сонымен қатар, зейнетақы тағайындау үшін жұмыс істемейтін әйелдің балаларына күтім жасаған уақыты еңбек өтіліне қосылады. Бірақ әр бала 3 жасқа толғанға дейін, барлығы 12 жыл шамасындағы уақыт есепке алынады.
Зейнетақы аннуитеті
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеткілікті ақшасы бар қазақстандықтар зейнетақы аннуитеті құқығын (зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін зейнеткерлікке шығу) пайдалана алады.
Зейнетақы аннуитеті ерлер үшін – 55 жас, әйелдер үшін 51,5 жас мөлшерінде белгіленген. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар 50 жастан бастап зейнетақы аннуитетін пайдалана алады.