НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Павлодар қаласы әлем бойынша бірінші болып масаны санайтын жүйені сынақтан өткізуі мүмкін, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Айта кеткен жөн, бұған дейін Павлодар облыстық әкімдігі мен "Қазақтелеком" АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Негізгі мақсат – "Цифрлық Павлодар" бағдарламасын іске асыру. Соның аясында мыңдаған бейнекамера орнатып, жол қозғалысын бақылау жүйесін құру қарастырылған. Қоғамдық жерлерде тегін Wi-Fi да болады. Бұдан бөлек, арнайы қозғалыс датчиктерін орнату жоспарланған. Сол арқылы масалардың санын есептеп отыруға болады.
Оқи отырыңыз: Маса шағып өлтірген әйелдің күйеуі дәрігерлерді әділ жазалауды сұрады
Жоба әзірлеушінің өкілі Леонид Муравьевтің айтуынша, масаның есептеу жүйесі болса, дезинсекциялық жұмыстардың сапасын арттыруға болады.
"Біздің жоспарымыз бойынша жағалаудың бойында жылу камералары орнатылады. Барлығы жасанды интеллектке қосылып тұрады. Бейнекамералар қозғалысты сезіп, масалардың санын анықтайды. Осылайша, нақты бір метрика болады. Масаның көбейгенін, я болмаса, азайғанын анық көруге мүмкіндік бар", - дейді Муравьев.
Оның айтуынша, бүгінде ондай жүйе еш жерде жоқ. Оны іске асырса, Павлодар әлем бойынша бірінші болып масаны санаудың электронды жүйесін сынақтан өткізетін болады. Болашақта осы тәжірибені кеңінен таратуға мүмкіндік бар.
Ал қала тұрғындары тың бастаманы қолдай қойған жоқ. Себебі масаны санайтын датчиктерді орнату үшін қосымша ақша керек. Оны бюджеттен алуға тура келеді.