Қоғам

Ағайынды Рысқалиевтер мүлкі қайтарылды – бас прокуратура түсініктемесі

Өткен жылы ағайынды Рысқалиевтерге қатысты сот үкімі сырттай шығарылған болатын. Себебі олар отырысқа қатысқан жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов ағайынды Рысқалиевтердің мүлкін қайтару мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Биыл маусым айында Жоғарғы сотта бас прокуратураның кассациялық қарсылығы қаралған болатын. Сол кезде Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжан Рысқалиевке тәркіленген мүлікті қайтару туралы шешім қабылданды. 

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, өткен жылы ағайынды Рысқалиевтерге қатысты сот үкімі сырттай шығарылған болатын. Себебі олар отырысқа қатысқан жоқ. Ал үкім күшіне енгеннен кейін сотталғандардың туыстары мүлікті қайтаруды сұрады. Сотқа дейінгі тергеу кезінде олардың заңсыз байып кетуге қатысы жоқ екені анықталды. Бұдан бөлек, қылмыстық топ құрылғанға дейін тіркелген мүлікке арест салуды алып тастады.  

"Қылмыстық топ құрылғанға дейін тіркелген, яғни ол (Бергей Рысқалиев) бизнес саласында жұмыс істеп жүрген кезде тіркелген мүлік ішінара тәркілеуден босатылды", - деді Ахметжанов.

Осы орайда бас прокурордың орынбасары 2018 жылы тиісті заңға өзгерістер енгізілгенін еске салды. Оған сәйкес, қылмыстық жолмен келген және заңдастырылған мүлік тәркілеуге жатады. 

"Бұл мәселе сіз айтқан азаматқа (Бергей Рысқалиевке) ғана қатысты емес. Ол біздің барлық азаматтарымыздың мүлкін қорғауға арналған. Ондай оқиғалар аз емес. Бас прокурордың қарсылығымен немесе ұсынысымен Жоғарғы сотта үкімдер қайта қаралады да, мүліктің қылмыстық жолмен келгеніне нақты дәлел болмаса, ол иесіне қайтарылады", - деп атап көрсетті Ахметжанов.