Қоғам

Елордалық полицейлер жол апатының көбею себебін айтты

Полицейлер жол бетінің ылғалдануы мен жапырақтардың түсуі арақашықтықты сақтауға кері әсерін тигізетінін айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласында бір тәулік ішінде 70 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, көрсеткіш 30 процентке көбейді. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жауынды күндері аса мұқият болу қажеттігін ескерткен полицейлер жүргізушілерден қозғалыс кезінде жылдамдықты шамадан тыс асырмауды сұрайды. Сондай-ақ, қауіпсіз арақашықтықты сақтап, маневр жасау ережелеріне ден қою керек.

"Жер құрғағаннан кейінгі жаңбыр тамшылары көлік қозғалысында едәуір қауіпті болатынын жүргізушілердің қаперіне саламыз. Жол бетінің ылғалдануы мен жапырақтардың түсуі арақашықтықты сақтауға кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, маневр жасаудың қауіпсіздігі ескеріліп, тежегішті күрт басудан сақтану қажет", – делінген хабарламада.

Полицейлер жаңбыр жүргізушілердің көру мүмкіндігін шектейтінін айтады. Сондықтан да, жаяу жүргіншілер жолағынан өтпей тұрып, азаматтар маңайға мұқият назар аударуы керек. Ал жүргізушілер кісі қарасы көрінбесе де, жүргіншілер жолағына таяғанда жылдамдықты барынша азайтқаны жөн.

Оқи отырыңыз: Жүргізушінің өліміне себепші болған Ефремовке қатысты сот үкімі шықты