НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Әлем коронавируске қатысты қазіргі жағдайдан сабақ алып, жаңа пандемияларға дайын болуы қажет, деп мәлімдеді Женевада өткен брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласы – әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылықтың негізі, сондықтан ауруларды анықтауға, алдын алуға және күресуге қаражат бөлу керек, деп жазады РИА Новости.
"Бұл соңғы пандемия емес. Тарихқа сүйенсек, түрлі аурулар эпидемиясы біздің өміріміздің бір бөлігі екеніне көз жекіземіз. Бірақ келесі пандемияға әлем бүгінгіден әлдеқайда жақсырақ дайын болуы тиіс", - деді Гебрейесус.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас директорының сөзінше, қазіргі уақытта коронавирус бойынша оң динамиканы атипиялық пневмония, таяу шығыс респираторлық синдромы, қызылша, полиомелит, Эбола, тұмау секілді аурулардың эпидемиясынан кейін дайындық жұмыстарын жүргізген елдер көрсетіп жатыр.
ДДҰ-ның соңы мәліметтеріне сәйкес, әлем бойынша осы уақытқа дейін 26,7 миллионға жуық адам COVID-19 жұқтырды, шамамен 876 мың адам қайтыс болды.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар коронавирус жұқтырудан қорғанудың жолын тапты