АЛМАТЫ, 7 қыркүйек – Sputnik. АҚШ-та Ілияс және Виктор Храпуновқа қатысты жаңа қаулы шықты.
Қазақстанның әділет министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 қыркүйекте Нью-Йорктің Оңтүстік округі бойынша АҚШ округтік соты Ілияс және Виктор Храпуновқа қарсы сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салу туралы кезекті қаулы шығарды.
"Судья Кэтрин Паркер Храпуновтар көптеген заңды міндеттемені бұзған, дәлелдерді әдейі жойған және кейбір дәлелдеменің қолында жоқ екенін айтып жалған жауап берген деген қорытындыға келді", - деп хабарлады Қазақстанның әділет министрлігі.
Сондай-ақ сот Храпуновтардың осы іс бойынша кейбір сот қаулысын, соның ішінде Ілияс Храпуновтың құпия айғақтарды рұқсатсыз таратуға салынған тыйымды бұзғанын анықтады.
Әділет министрлігінің хабарлауынша, бұл шешім құқыққа қайшы әрекет етіп, сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін Храпуновтар мен Әблязовқа қатысты айыппұлдар тағайындау туралы 2020 жылдың мамыры және 2019 жылдың шілдесінде шығарылған сот қаулының жалғасы. Бұл қатарынан санағанда бесінші шешім болып отыр.
Айыппұлдың нақты мөлшері талапкерлердің өздері жұмсаған сот шығындарының сомасын сотқа ұсынғаннан кейін белгіленеді.
Храпуновтар ісі
Қазақстан Республикасы әділет министрлігі Алматы қаласы әкімдігінің атынан "БТА Банк" АҚ-мен бірлесіп, төрт жылдан астам уақыт бұрын Әблязовты, Храпуновтарды және олардың қылмыстық сыбайластарын Қазақстаннан ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатты деген айыппен Нью-Йорктегі "Flatotel" сот қарауына бастамашылық жасаған.
Әблязов жалған кредиттер беру арқылы БТА-дан миллиардтаған доллар ұрлаған. Ол үшін Әблязов Қазақстанда сотталып, Біріккен Корольдік сотында кінәлі деп танылған.
АҚШ-тағы сот қарауы барысында талапкерлер Әблязовтың қылмыстарын растайтын қосымша елеулі дәлелдемелерді жинады, сондай-ақ осы қылмыстардың жасалуын өз көзімен көрген көптеген куәнің жауаптарын келтірді.
Оқи отырыңыз: Бас прокурор Еуропарламент депутаттарын шетелде қашып жүргендер туралы хабардар етті
Қазақстан Республикасының кеңесшісі, Boies Schiller Flexner LLP серіктесі Мэттью Шварц талапкерлердің ұсынылған дәлелдемелерге соттың назар аударғанын жоғары бағалағанын айтты.
"Әблязов, Храпуновтар және олардың сыбайластары сот процесінде адал ниетпен қатысудан бірнеше рет бас тартып, көптеген сот қаулысын бұзған. Дәлелдемелердің бір бөлігін қасақана жойғанына қарамастан, олардың жасалған қылмыстарға қатысын растайтын құжаттардың көлемі жеткілікті. Талапкерлер сол дәлелдемелерді Нью-Йорк алқабилер сотының назарына ұсыну мүмкіндігін асыға күтуде", - деп мәлімдеді Мэттью Шварц.
Храпуновтарға қандай айып тағылды?
Ілияс Храпуновқа Трамптың жылжымайтын мүлкімен байланысты мәмілені жасырды деген айып тағылды. Ал 2018 жылдың қазан айында Алматыда экс-әкім Виктор Храпуновқа және оның жұбайы Лейлаға үкім шығарылды. Оның мүлкі тәркіленіп, 17 жыл бас бостандығынан айыру, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде жазасын өтеу жазасы тағайындалды. Лейла Храпунованы сот кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, 14 жыл бас бостандығынан айырды.
Лейла мен Виктор Храпуновтар мемлекет мүлкін ұрлады, алаяқтық жасады, билікті асыра пайдаланды, пара алды және ұйымдасқан қылмыстық топ ұрлаған мүлікті заңдастырды деп айыпталды.
Мемлекетке келтірілген шығын 250 миллион доллардан асады. Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов 2007 жылдың қарашасында әйелі Лейламен бірге Қазақстаннан кетті. Алматы әкімдігі 2014 жылы Лос-Анджелес федералды сотына талап арыз жолдады.