Өңірлер

Тараз әкімдігі жер кезегі келген тұрғындарды таба алмай жатыр

Жер алуға кезекке тұрғандар кезінде ЖСН көрсетпеген, оларды әкімдік таба алмай жатыр. Ал келесі адамдарға берейін десе, прокуратура кезекті аттап кетуге болмайды деп қарсылық білдіріп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Таразда "Нұрлы жер" бағдарламасы аясындағы жеке тұрғын үй салу бағытындағы жұмыстар тоқтап қалды. Жергілікті әкімдік мемлекеттік бағдарламаға деп бөлінген жер қорын пайдалана алмай отыр, деп хабарлады Хабар 24.

Жоба басталғалы дәл осы бағыт бойынша санаулы адам баспаналы болған көрінеді. Тіпті биылдыққа бір де бір үй тұрғызылмапты.

Қазір Таразда 2006 жылы кезекке тіркелгендер жер ала алмай жүр. Бүгінде 17 мың адамның кезегі келіп тұр. Бірақ берілетін жер жоқ. Заңға сәйкес инфрақұрылым тартылмай жер берілмейді. Ал "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысу үшін азаматтардың барлығы бірдей жоба шарттары мен талаптарына сәйкес келмейді.

Оқи отырыңыз: Президент "Нұрлы жер" аясында салынатын үйлерге қатысты ұсыныс жасады   

"11 935 азаматқа хабарлама жібергенбіз. Оның 488-і ғана қатысамын деп өтініш берді. Ал оның ішінде тек 38 азаматтың құжатын Құрылыс жинақ банкі мақұлдады. Көбі кезінде бізге ЖСН (ИИН) көрсетпеген. Көбісін таппай жатырмыз. Ал оларды тастап кетіп, келесі адамдарға берейік десек, прокуратура қарсылық білдіреді. Аттап кетуге болмайды дейді. Ол кісі алмайтын болса, жазбаша түрде бізге ескерту керек", - дейді қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұржан Бекежанов.   

"Нұрлы жер" бағдарламасының жекеменшік құрылыс бағыты бойынша Тараз қаласының аумағынан 29 гектар жер бөлінген. Бірақ бұл жердің басым бөлігі бүгінде бос тұр. Жоба басталғалы бар-жоғы 47 үйдің құрылысы жүргізіліп, 20-сы ғана берілген. Ал жер мен үйге деген сұраныс артып барады.

"Бұл жерде 255 үйге бөлінген жер қорын игере алмай отырмыз. Себебі бір шаршы метрге бөлінген 120 мың теңге жетпей жатыр. Егер сол бір шаршы метрге бөлінген қаржының көлемін ұлғайтса, бұл бағдарлама әрі қарай жүріп кетер еді деп есептейміз", - дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Төлеген Бибосынов.

Қалалық құрылыс бөлімі басшысының айтуынша, кезінде үйді салуға келіскен компаниялар жарты жолға келгенде құрылысты тоқтатып тастаған. Оны нарық бағасының өсуімен байланыстырып отыр. Енді тараздықтар жер кезегін 15 жыл күтіп, баспанаға қол жеткіздім дегенде қымбатшылыққа ұрынатын түрі бар. Әкімдік өкілдері проблеманы бағаны көтеру арқылы шешпек. Олар жаңадан салынатын үйдің шаршы метрін 160 мың теңгеге көбейтуді ұсынып отыр. Айтуларынша, сонда ғана мердігерлер құрылысты жалғастыруға көнетін көрінеді. Ал жұрт 160 мың өте қымбат дейді.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек облыс орталығында жер ауқымды көлемде 2003 жылы ғана берілген. Ол уақытта 1300 адам жер телімін алған. Одан бері 2017 жылы ғана жер 400 адамға үлестірілген. Ал биыл Тараз қаласы бойынша бірде-бір адамға жер телімі берілмеген. Қазір кезекте тұрған адам саны 70 мыңнан асып барады.