Әлем

Шыбын өлтірмек болған зейнеткер үйін жарып жіберді

Жарылыс салдарынан егде жастағы ер адамды жеңіл күйік шалып, ол ауруханаға тексерілуге жеткізілген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Францияда шыбын өлтірмек болған 80 жастағы зейнеткер өз үйін жарып жіберді.

Ер адам кешкі асын дайындап жатқанда үйінде шыбын ызыңдап жүргенін байқап қалған. Сол сәтте ол электр шыбын өлтіргіш құралын алып, шыбынды қуа бастаған.

The Mirror басылымының хабарлауынша, тап сол мезетте тұрғын үйдегі газ баллоннан ақау шыққан. Оны аңғармаған зейнеткер қолындағы құрылғыны жәндікке қарай сермегенде, электр шыбын өлтіргіштің ұшқыны жарылысқа себеп болған.

Жарылыстың күшті болғаны соншалық, жер үйдің ас бөлмесі қирап, шатырдың едәуір бөлігіне зақым келген.

Оқи отырыңыз: Қанатты қауіп: депутат шыбын-шіркейді құртуды талап етеді

Қария жеңіл күйікпен Либурн ауруханасына ​​жеткізілген. Кейінірек үйі жөнделгенге дейін оның жергілікті лагерьге қоныстанғаны белгілі болды.