Қоғам

Психолог адамның жазуы арқылы оның мінез-құлқын қалай білуге болатынын айтты

Психологтың айтуынша, майда әріптермен жазатындар үнемшіл әрі тұйық келеді. Дөңгелетіп жазатындар қарым-қатынасқа тез түседі. Кез келген әріптен қыр шығарып жазатындар өзімшіл келеді, домалақ әріптер пайдаланатындар мейірімді болады
Sputnik

АЛМАТЫ, 6 қыркүйек – Sputnik, Айгерім Таубай. Графология – адамның жазуы арқылы оның мінез-құлқын, ерекшеліктерін анықтайтын психологияның бір саласы. Сонымен қатар адамның көңіл-күйі мен ойын салған суреті арқылы да білуге болады. Бұл сала кейде жазу арқылы танып білу деп те аталады. Қолтаңба адамның ішкі көңіл-күйінің өзгеруін көрсетеді, дейді графология мәселесін 24 жылдан бері зерттеп келе жатқан психолог Айгүл Лиясова. Маман Sputnik  Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында адамның жазуына, құжатқа қоятын қолына қарап мінезін білудің қыр-сырын айтып берді.

"Психология – адамның жан дүниесін зерттейтін ғылым. Оның ішінде графология – жазба мен мінез-құлықтың байланысын зерттейді, алайда бұл ғылыми тұрғыда дәлелденбеген сала. Графологияны зерттеу үшін бір күндік қана жазу жарамайды, ол үшін адамның толық бір дәптерін қарап шығу керек. Адамның мінез-құлқы да әртүрлі. Мұны тек жазуы арқылы ғана емес, сондай-ақ, жүріс-тұрысы, сөйлеген мәнерінен де байқауға болады", - дейді психолог.

Айтуынша, бұл сала әлі күнге дейін зерттеліп келеді, дей тұрғанмен адамның мінезін білу үшін, психикасына үңілу үшін әрбір психолог маман интуицияны пайдалануы керек. Кез келген психолог графолог бола алмайды.

"Адамдардың мінезі әртүрлі болатыны секілді, жазуы да бір-біріне ұқсамайды. Жазуларды қарап отырсақ, бір адамның екі күнде жазғанынан айырмашылық байқауға болады. Себебі бұл адамның көңіл-күйіне де байланысты. Соған қарамастан, бірқалыпты өмір сүретін адамдардың жазуы өзгермейді. Майда әріптермен жазатындар үнемшіл әрі тұйық келеді. Дөңгелетіп жазатындар қарым-қатынасқа тез түседі", - дейді Лиясова.

Әріпті үлкен етіп жазатындар кез келген жағдайға үстіртін қарайды, адамдармен тез тіл табыса алады. Өмірде ештеңені уайымдамайтын адамдардың жазуы да ірі болады.

"Кез келген әріптен қыр шығарып жазатындар өзімшіл келеді, домалақ әріптер пайдаланатындар мейірімді болады. Әріпті басып жазу – жігердің, шыдамдылықтың белгісі. Ондай адамдар көп жағдайда бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді. Ал салмақ түсірмей, көзге көрінбейтін етіп жазатын адамдар жігерсіз, ынжық болады. Олардың өзінің жеке пікірі болмайды, бойында бар қасиетін, талантын көрсете алмайды", - деп түсіндірді психолог.

Сонымен қатар қол қою адамның интеллект деңгейіне тікелей байланысты. Сол арқылы адамның қаншалықты білімді екенін, дүниетанымының қандай екенін білуге болады.

"Қолды қиындатып қоятын адамдар ешкіммен тіл табыса алмайды, көпшілік ортасына қосылмай, жалғыз жүретіндердің қолы ерекше болады. Қолды қысқа қою майда дүниелерді байқамайтын, көп сөйлемейтін адамдарға тән", - дейді ол.

Балалар жазуындағы ерекшелік

Психологтың айтуынша, бірінші не екінші сыныпта оқитын баланың жазуы әдеттегіден қисайып жазылатын болса, онда оған ата-анасының көбірек көңіл бөлгені қажет дегенді білдіреді. Ал өсе келе тұрақсыздық салдарынан адамның жазуы өзгеруі мүмкін. Жазуы тез өзгеретіндер үнемі ізденісте жүреді.

"Қазақ отбасының психологиясына тән дүние – белгілі бір шеңбер ішінде тәрбиелену. Бұрын бастауыш сыныпта баланың әдемі жазуы қатты қадағаланатын. Ал қазір балалар отбасыда еркін өседі, ол жас баланың жазуына да әсер етеді. Тағы бір айта кететіні, жас баланың жазуына қарап мінезін айта алмаймыз, себебі мінез де тұрақсыз, үнемі өзгеріп отырады", - дейді психолог.

Маманның айтуынша, ересек адамның мінезі 25 жасқа келгенде толық қалыптасып болады.

Суретке қарап, не білуге болады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істейтін психолог Айгүл Лиясова сабақ барысында студенттердің барлығына ойына бірінші келген суретті салдырады. Айтуынша, салған суреті адамның дәл сол сәттегі немесе кейінгі бір айдағы көңіл-күйін көрсетуі мүмкін.

"Қиын суреттер болды. Бір студентті салған суретіне қарап, әрі қарай психиатриялық клиникаға жібергенім есімде. Ол студентте шизофрения бар деп ойладым, кейіннен алдын ала қойған диагнозым анықталып шықты. Психологтардың этикасына сай, ол студенттің ненің суретін салғаны айтылмайды", - дейді ол.

Айтуынша, студенттердің басым бөлігі адамның басын, көзін салады. Қорқыныш-үрей, артынан бір адамның қалмай аңдып жүргені, зорлық-зомбылық көрген қыздар салған суреті арқылы білініп қалады.

"Көп жағдайда адамның ойына ең алдымен гүлдің суретін салу келеді. Күн мен тауды да салатындар жиі кездеседі. Бізде ата мен әженің баласы деген ұғым бар, және ата-анасы жұмыста болып, үйде көп көңіл бөлінбесе, жалғыздықты білдіретін сурет салады", - дейді маман.

Ал ер азаматтар ең алдымен геометриялық фигуралар, шексіздікті салады. Сол арқылы оның қандай мақсаты бар екенін байқауға болады.