НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Мұғалім, дәрігер секілді жалақысы төмен қызметкерлер зейнетақы қорындағы қаржысын ала алмайтынына қапалы. Олардың қордағы жинағы жетпей қалатын сыңайлы. Экономистер де бұл бастаманы мақұлдаған мамандар "халықтың әлеуетін есепке алмады" деген пікірде.
Оның үстіне, келер жылы пәтер бағасы да күрт қымбаттайтын түрі бар. Өйткені риелторлар қордағы ақшаны алғандардың дені оны баспана алуға жұмсайтынына сенімді, деп хабарлады КТК.
Қарағандылық Екатерина Сухачева 12 жылдан бері еңбек департаментінде еңбектеніп келеді. Бірақ бүгінге дейін зейнетақы қорында жиналған қаржысы бір жарым миллион теңгеге де жетпеген. Соның кесірінен шарт шеңберінде ақшасын ала алмайды.
"Әр адамның өз зейнетақы қорындағы ақшасын алуға құқығы болу керек. Біріне беріп, екіншісі ала алмаған болмайды. Жасым отыздан асты. Жаңа бағдарламаның арқасында ипотекаға үй алам ба деп үміттеніп едім. Мен секілді қаншама адам бар", - дейді Екатерина Сухачева.
Қордан ақша алу туралы жаңалық жылт еткенде, бұл батпан құйрықтан көбі қаржы алуға дәмелі болды. Бірақ айналып келгенде айлығы шайлығына жетпейтіндер қағылып, ақшаны күректеп тауып жүргендер қызығын көретін түрі бар.
"Барлығына қолжетімді болатындай етіп жасамаған. Жалақысы жоғары адамдарға тиімді. Мұнай саласы, экономика саласы, қаржы саласы. Мысалы, мұғалімдер, дәрігерлер немесе үкіметке жұмыс істейтін адамдарға тиімсіз болып тұр", - дейді экономист Бақнұр Зиябеков.
Зейнетақы жинағын пайдалану: әр жас үшін жеткіліктілік шегінің мөлшері жарияланды
Сарапшылар зейнетақы жинағынан үлесін алғандар негізінен ақшаны пәтер алуға жұмсайды деген пікірде. Қаңтарда құн қымбаттайды деген болжамын риелторлар қазірден айтып жатыр.
"Жылжымайтын мүліктің бағасын қолдан қымбаттатуы мүмкін. Өйткені пәтерін сатушылар пайдасын одан сайын еселеп қалғысы келеді. Біздің болжам бойынша, мегаполистердегі баспана құны шамамен бес пайызға қымбаттайды", - дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Айнұр Құдайбергенова.
Статистика бойынша елдегі еңбек жасындағы азаматтардың саны 10 миллионға жетіп жығылады. Оның тек он пайызға жуығы ғана бұл бағдарламаның қызығын көрмек.