НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ШЫҰ-ның "Бейбіт миссия" терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуы 2021 жылға ауыстырылды, деп хабарлады Қазақстанның қорғаныс министрлігі.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мәскеу қаласында ШЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ қорғаныс ведомстволары басшыларының бірлескен отырысы өтті.
Сондай-ақ әлемді алаңдатып отырған СОVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты бірлесіп әрекет ету мақсатында өңірлік ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимыл жасау қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Бірлескен отырыс қорытындысы бойынша Ұлы Отан соғысы мен Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына арналған бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
Бұдан бөлек, ТМД, ҰҚШҰ және ШЫҰ форматындағы делегация басшылары көпжақты әскери ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар құжаттарға қол қойды.
ТМД мен ҰҚШҰ шеңберінде әскери ынтымақтастықты нығайту жөніндегі 2021 жылға арналған жұмыс жоспарлары бекітілді. Атап айтқанда, бірлескен әскери оқу-жаттығулар, қару-жарақ пен әскери техника көрмелері, оқу-әдістемелік жиындар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерін тексеру, кемелердің өзара кіруі көзделген. Оған қоса ҰҚШҰ аясында радиоэлектрондық күрес мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылды.