Видео

Көпбалалы отбасылар қашықтан білім алудың қиындығы туралы айтты - видео

Жаңа оқу жылы қашықтын білім беру форматында басталды. Бүгінде оқушылардың басым бөлігі үйден сабақ оқиды. Ол үшін электронды платформалар бар. Бұдан бөлек, "Balapan" арнасынан телесабақтар көрсетіледі
Sputnik

Sputnik Қазақстан тілшісі астанда тұратын көпбалалы отбасыларға барып, қашықтан білім алудың қиындығын біліп қайтты.

"Кашадан" шаршадым

Досыбайлар отбасында төрт бала бар. Үйдің үлкені Ақбаян биыл 9-сыныпқа барды. Ақылбек 8-сыныпта оқиды. Ал Мейіржан мен Нұрай - 3-ші сынып оқушылары. Оларға әпкесі мен ағасы күнде қашықтан білім алуға көмектеседі. Одан кейін өз сабақтарына кіріседі

"Менің ойымша, екі нұсқа да дұрыс сияқты. Өйткені біз мектепке барып оқитын болсақ, мұғалімдермен бетпе-бет отырып, шынайы сабақ, яғни, білім алуға келгенімізді сезініп, сабақ оқитын едік. Ал онлайн мектеп болса, ол да бір жағынан жақсы. Бірақ қолайсыз жағдайлар болып қалады, мысалы, ауылда оқитын балаларға интернет жетіспейді. Ғаламтор жетіспегеннен кейін олар білімді толық ала алмайды. Сол жағынан тиімсіз деп ойлаймын", - дейді Ақбаян.

Ал Мейіржан мен Нұрай мектепті қатты сағынып жүр. Себебі ол жерде достарыңмен араласасың, апайыңды көресің.

"Ал үйде ешкімді көрмейсің, қызықсыз. Мектепте апай сені кез келген уақытта шақырады, әзіл айтады. Мерекелер болған кезде апай бәрімізді құттықтайды, сыйлық береді, асханадан неше түрлі дәмді тағамдар жейсің. Ал үйде өзіңнің бұрынғы "кашаңды" жеп отыра бересің", - дейді Нұрай.

Мейржан болса, апайлардың ұрысқанын да көтеруге дайын. "Кей кезде апайдың ұрысқанын да жақсы көріп кетемін", - дейді ол. 

Ата-аналарға жаңартылған бағдарламаны түсіну қиын

Үйдің отағасы Нұрлыбек Досыбай жаңартылған білім бағдарламасының кейбір тапсырмаларын түсіну қиын деп отыр. 

"Мен өзім тіл маманы ретінде жаңартылған білім бағдарламасы бойынша жазылған оқулықтардағы тапсырмалардың сөйлем құрылымдарын қабылдай алмаймын, кей кезде түсінбеймін. Ал өзің түсінбеген нәрсені балаға қалай түсіндіресің? Сауатсыз құрылған сөйлемді көріп, ұнжырғаң түсіп, көмектесуге деген ниетің қашып кетеді", - дейді Досыбай.

Ал онымен көрші тұратын отбасыда бес бала бар. Бес қыздың төртеуі қашықтан сабақ оқиды. Оларға мектептен бір компьютер берген.

"Балалар қиналып жүр. Бір компьютермен сабақ оқи алмайды. Содан телефонға таласып қалады. Біреуі сабағын қараса, екіншісі көре алмайды. Бір қызымыз төртінші сыныпты үздік бітірген. Енді, биыл қалай болатынын білмейміз. Кеше де бір сабағы қалып кетті. ZOOM кей кезде істемей қалады. Негізі, мектепке барып оқыған дұрыс қой", - дейді көпбалалы ана Айдынай Үсібалиева.