Экономика

Қазақстан шетелдегі шоттар туралы мәліметті 2020 жылдың соңына дейін алады

Президенттің тапсырмасын орындау үшін көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспары аясындағы жұмысқа қарқын берілмек
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан осы жылдың соңына дейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің салық органдарымен жеке және заңды тұлғалардың қаржылық шоттары туралы ақпарат алмасады. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің тапсырмасын орындау аясында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспары өзектендіріледі.

"Офшорлық юрисдикцияға ақша аударуға қатысты заңнама жетілдіріледі. Осы жылдың соңына дейін ЭЫДҰ елдерінің салық органдары арасында жеке және заңды тұлғалардың қаржылық шоттары туралы алғаш рет ақпарат алмасу жоспарланып отыр. Тиісінше, біздің елдің резиденттері бойынша алынған мағлұматтарға талдау жүргізіледі", - деді Смайылов үкімет үйінде өткен брифингте.

Сондай-ақ, оның айтуынша, салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру жұмысы жалғасын табады.

Қазірдің өзінде тауарларды бақылаудың ұлттық жүйесі құрылып жатыр. 1 қазаннан бастап темекі өнімдерін таңбалау енгізіледі. Смайылов таңбалауға жататын тауарлар тізімі үнемі кеңейтіліп отыратынын айтты. Ал бұл экономикадағы көлеңкелі айналымды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.