Қоғам

"Дәретханада ұстайды": ауыл оқушылары интернетке қосылудың азабын тартуда

Бүгінгі таңда Қазақстанның әр аймағындағы 882 ауыл тұрғындары үшін интернет қолжетімсіз болып тұр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Еліміздің кейбір ауылдарында тұратын мектеп оқушылары үшін интернет қолжетімді болмай тұр.

Қазақстанның шығыс өңіріндегі Ізғұтты Айтықов ауылында балалар интернетсіз қалып, қиын жағдайға тап болды, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.

"Төрт ай бойы интернетпен қамтимыз деп уәде бергенімен, бәрібір де орындалмады. Сондықтан да балалар байланысқа шығу үшін тауға шығуға мәжбүр. Егер әлсіз сигнал ұстай алсақ, соған қуанамыз. Бұл дұрыс емес қой. Қиын жағдайға тап болдық", – дейді мектеп оқушысы Қалибек Ерсұлтан.

Интернетке қосылу мәселеге айналғандықтан ауыл мектебінің оқушылары үшін биылғы оқу жылында қашықтықтан оқыту тоқтатылды. Алайда, интернеттің жоқтығынан енді студенттер зардап шегуде.

Ауыл тұрғыны Құралай Ахметсаке Павлодарда оқиды. Оның онлайн сабаққа қосылуға мүмкіндігі болмағандықтан, ол алғашқы дәріске қатыса алмаған. Екінші курста оқитын студент гранттан айырылып қалудан қорқады.

"Көктемде оқу қиын болды. Тіпті, жәй ғана құжаттарымызды да жібере алмадық. Ауылымыз қаладан аса алыс емес, бірақ бұл жерде интернет жоқ деп айту өте ұят", – дейді бойжеткен. 

Ауыл тұрғындары сигнал күшейткіштерді өздері сатып алған. Соның арқасында интернет баяу болса да істей бастаған.

Бір қызығы мұндай елді мекендер елімізде аз емес. Мысалы, Алматыдан 15 шақырым қашықтағы мектеп оқушылары Айжарық шағынауданынан сигнал қабылдауға мәжбүр. Тіпті, олардың кейбіреулері дәретханада білім алады. Өйткені, тек сол жерде ғана интернетке қосылу мүмкіндігі бар, деп хабарлайды телеарна.

Алматы мен шығысқазақстандық шенеуніктер ауылды жерлердегі интернетке қолжетімділік жақын арада қамтамасыз етілетін болады деп сендіруде.

Талғар ауданының баспасөз хатшысы Жангелді Өмірәлиев әкімдік сигнал қабылдап-тарату мұнарасын орнататын демеуші іздестіріп жатқанын айтады.

"Мұнара орнататын провайдер табу өте қиын. "Қазақтелеком" көп ақша сұрағандықтан жеке компанияларды іздеп жатырмыз. Егер мұнара орнатсақ интернет қалыпты болатын еді. Оны қыркүйек айының соңына дейін жүзеге асырамыз", – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Интернет неге нашарлап кетті – министрлік түсініктеме берді

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда 882 ауылдың тұрғыны интернетке қолжетімсіз күйде қалып отыр.