Өңірлер

Алматыда кинотеатрларды ашу мәселесі талқыланып жатыр – Бекшин

Медициналық бетперде тағу, арақашықтықты сақтау, адамдарды көп шоғырландырмау талаптарын орындаса, кинотеатрлар жұмыс істейді
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 қыркүйек – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин кинотеатрларды ашу мәселесі талқыланып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, барлық санитарлық талап сақталса, кинотеатрлар көрерменнің 30%-ін толтырып жұмыс істейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазір кинотеатрлар мен театрлар онлайн режимде жұмыс істеп тұр.

"Театрлар мен кинотеатрларға жұмыс істеуге рұқсат беру мәселесі қарастырылып жатыр. Медициналық бетперде тағу, арақашықтықты сақтау, адамдарды көп шоғырландырмау талаптарын орындаса, бұл нысандар жұмыс істейді", - деді ол.

Айтуынша, қазір кинотеатрлардың 30%-ін толтырып ашу бойынша ұсыныстар айтылып жатыр. Ол жердегі қауіпсіздікті кинотеатрдың әкімшілігі қадағалайды.

"Қазір кинозалдың 30%-іне дейін көрермен қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр. Әрқайсысы залдың кескіндемесіне қарай көрермендерді қалай отырғызуға болатынын нақтылайды. Ол шахмат секілді отырғызылуы мүмкін немесе көрші орындық арасында бір метр арақашықтықты сақтап отырғызылады. Әр кинотеатр өзінің ыңғайына қарай осындай ұсыныстар айтып жатыр. Егер барлық талап сақталатын болса, онда кинотеатрдың жұмысына рұқсат беріледі", - деді Жандарбек Бекшин.

Оқи отырыңыз: Бекшин көп реттік маскаға айыппұл салу жайлы сұраққа жауап берді 

Сонымен қатар демалыс күндері Алматы маңындағы елді мекендерге электричкалар қатынайды.

"Бұл мәселе бақылауда тұр. Жұқпалы ауруды тарататын ең алдымен, қоғамдық көлік пен жабық нысандар. Қазір елді мекендер арасында жүретін электричкаларды ашып жатырмыз. Алматы – Ұзынағаш, Алматы – Қаскелең бағытындағы электричкалар демалыс күндері де, жұмыс күндері де жүреді", - деді Бекшин.