НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Мәжілісмен Нұржан Әлтаев үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, коронавируспен күрес шараларына бөлінген қыруар қаржының есебін беруге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанда қажетті медициналық инфрақұрылым бар. Медициналық сақтандыру жүйесі, дәрі-дәрмекті үйлестіретін мекемелер мен жоғары оқу орындары бар. Осы салада кәсіби мамандар мен ғалымдар жұмыс істейді. Медицина саласына жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлініп тұрады. Ал медициналық сақтандыру аясында халық пен бизнес жарна төлеу арқылы отандық медицинаға біраз ақша аударып келеді.
"Оған коронавирусқа бөлінген биылғы қыруар қаражат пен сан алуан елдерден келген көмекті қоссақ, Қазақстандағы коронавирустың салдары төмен болуы керек деген тұжырымға келесің. Өкінішке қарай, біз сұмдық жағдайға тап болдық. Бірнеше ай бұрын індетке шалдығу деңгейі өте жоғары болды. Адам өлімі де күрт көбейді. Ал медициналық қызметтің сапасы сын көтермеді. Ауруханада орын жетіспеді. Дәрі-дәрмектердің тапшылығы қолдан жасалды", – деді Әлтаев мәжілістің жалпы отырысында.
Депутат төтенше жағдай режимі кезінде жан-жақты дайындалуға болатынын жеткізді. Бірақ наурыз-мамыр айында медициналық мекемелердің дайындығы дұрыс ұйымдастырылмады. Ал коронавирустың шарықтау шегі келгенде жағдай тіптен ушығып кетті.
"Біз мемлекеттік органдардың азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтын жағдайға тап болдық. Соның салдарынан халық өз ақшасына он есеге қымбат дәріні алды, тест тапсырды. Тіпті, туыстарын ауруханаға орналастыру үшін көп ақша төледі", – деп атап көрсетті Әлтаев.
Оқи отырыңыз: Үкімет таратылуы мүмкін бе: Тоқаев екі апта уақыт берді
Осыдан кейін Әлтаев үкімет басшысы Асқар Маминді парламентте коронавируспен күрес шаралары бойынша есеп беруге шақырды.
"Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, мен сізді парламентке келіп, халық алдында және халық өкілдері алдында коронавируспен күрес бойынша атқарылған жұмысқа есеп беруіңізді сұраймын. Қыруар қаржының қалай игерілгенін, коронавирус құрбандарының саны мен ауыр жағдайдың себебін айтып берсеңіз. Әйтпесе, денсаулық министрін алып тастады да, сонымен бәрі тынышталып қалды. Ал болған жағдайға кім жауап береді?", – деді Әлтаев.