Қоғам

"Нұрландардың бәрі кетіп жатыр": мәжілісте бірнеше депутаттың өкілеттігі тоқтатылды

Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы қызметіне депутат Қанат Мусин сайланды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысында бірнеше депутаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутаттар алдымен Айзада Құрманованың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулыны бірауыздан мақұлдады. Экс-депутат Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын. Құрманова жаңа қызметінде әлеуметтік мәселелерге жауап береді. 

Бұған дейін экс-депутат Нұрлан Дулатбеков Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметі тағайындалған. Осыған байланысты оның да депутаттық өкілеттігі тоқтатылды. 

Ал Нұрлан Әбдіров сенат депутаты болды. Күні кеше оны сенат төрағасының орынбасары қызметіне сайлады. Сол себепті мәжілістегі депутаттық өкілеттігі тоқтатылды. Ал мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Нұрлан есімді депутаттардың кетіп бара жатқанына әзілмен пікір білдірді.    

"Нұрландардың бәрі кетіп бара жатыр. Жалғыз қалдым (күлді)...Аа, тағы Нұрлан (Нұрлан Әлімжанов – Sputnik) бар екен ғой", – деді Нығамтулин.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы қызметіне депутат Қанат Мусин сайланды.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы мәжіліс депутаты сенаттың вице-спикері болды