НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Белгілі қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымова күздің бірінші айына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Халықтың ашу-ызасын туғызатын өзгерістер
Астролог Ирина Әбдірайымова айдың басында көптеген елдің заңнамасы өзгеретінін айтты. Бірақ, жаңа нормалар адамдардың көңілінен шықпайды, керісінше, ашуын тудыруы мүмкін.
"Қыркүйек айының басында көптеген елдің басшылары заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, халықтың қытығына тиеді. Өзгерістер сайлау заңнамасына да қатысты болуы мүмкін. Былайша айтқанда, президенттер қыркүйектің бірінші жартысында тым белсенді жұмыс істейді", - деді қазақстандық маман.
Оның болжамынша, елдердің экономикалық жағдайы жақсармайды. Құрылыс, металлургия, көлік салаларында біраз компания қиын жағдайға тап болады.
"Айдың басында бір-бірімен қырғи-қабақ болып жүрген тараптар татуласады, келісімге келеді. Сол себепті осы кезеңде митингтер мен наразылықтар азаюы мүмкін. Өкінішке қарай, бұл ұзаққа созылмайды. Қыркүйектің соңына қарай, әсіресе, қазанда адамдар бас көтеріп, оларды тоқтату қиынға соғады. Мемлекеттер арасында да, елдердің өз ішінде де әскери қақтығыстар күшейеді", - деді Әбдірайымова.
Міндетті вакцинация немесе "ерікті мәжбүрлі" екпе салуға қарсы ұрандар көбейеді.
Астрологтың айтуынша, қыркүйектің екінші жартысынан бастап адамдар елдер арасында дипломатиялық деңгейдегі және олигархтар арасындағы дау-жанжалдарға куә болады.
Бұдан бөлек, шенеуніктердің көбі абақтыға қамалып, үйқамаққа алынуы мүмкін.
Суицид көбейеді
Әбдірайымова осы айда Жер планетасы Сатурн – квадрат – Лилит аспектісінің ықпалына түсетінін атап өтті. Ондаған адамның өмірін жалмайтын табиғи апаттар, лаңкестік әрекеттер, теміржол апаттары болуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді
Таяу Шығыста әскери іс-қимыл айдың соңына қарай күшейеді деп болжануда.
Сонымен қатар, маман суицид көбейетінін айтты.
"Айдың 17-20 аралығында туған адамдардың көңілі жабырқап, күйзеліске түсіп, үрей мен пессимизмге бой алдырады. Өмірде күтпеген қиын жағдайлармен бетпе-бет келуі мүмкін. Бірақ, бұл уақытша сынақ екенін естен шығармаған абзал. 20 қыркүйектен кейін сіздің жағдайыңыз жақсарып, өміріңіз өз арнасына түседі", - деді астролог.
Маманнан кеңес
Ирина Әбдірайымова қыркүйек ақыл-ой жұмысына өте қолайлы ай екенін айтып, осы уақытты тиімді пайдалануға кеңес берді.
"Ақпарат оңай сіңіріледі. Адам жылдам ойлап, лезде шешім қабылдап, еңбегі жемісті болады. Бірақ, айдың екінші жартысынан бастап Жер ғарыш энергиясының ықпалына түседі. Соның әсерінен көбі дау-жанжалға бейім тұрады", - деді ол.
Айтуынша, 16 қыркүйектен бастап бизнес серіктестермен келісімге келу қиындайды. Себебі, әркім өз пікірін дұрыс санап, бір-бірінің сөзіне құлақ аспайды. Алайда, олар өз күші мен мүмкіндіктерін асыра бағалап, үлкен шығынға батуы мүмкін, деп болжады қазақстандық астролог.
Тағы оқыңыз: Президент жолдауының толық мәтіні жарияланды
"Бұл кезеңде басталған түсініспеушіліктер 20 қыркүйекке қарай ашық тартысқа ұласуы мүмкін. Ал 23 қыркүйекке қарай қарым-қатынас үзіліп, қол көтеру, ұрып-соғумен аяқталуы ғажап емес", - деді Әбдірайымова.
Маман жүргізушілерге 20-25 қыркүйек аралығында абай болуға кеңес берді. Себебі, бұл кезеңде жол апаты жиілейді.
11-12 қыркүйек күндері айдың 12-сі мен 14-і туған Балық, Бикеш, Мерген және Егіздер алаяқтарға алданып немесе өзін-өзі алдауы мүмкін.
Бұдан бөлек, астролог ғашықтар үшін қыркүйектің қандай күндері қолайсыз екенін айтты.
1, 2, 3 қыркүйек – сүйіктісінен көңілі қалу, күмән, қызғаныш уақыты. 4 қыркүйек – өкпе-реніш, қыңырлық.
"Сол себепті бұл күндері жақын адамыңызға көбірек көңіл бөліп, ренжімеуге тырысыңыз. Егер сүйіктіңізбен татуласпасаңыз, араңыз суып кетуі мүмкін", - деп ескертті Әбдірайымова.