Экономика

Дағдарыстан зардап шеккен кәсіпорындарға 200 млрд теңге бөлінеді

Ұлттық банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы 800 миллиард теңгеге жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Дағдарыстан зардап шеккен кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен экономикалық өсуді қалпына келтіру мақсатында дағдарыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 миллиард теңге бөлінеді", – деді Досаев үкімет отырысында.

Салалар тізімін үкімет "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп анықтайды.

Ол ұлттық банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы 800 миллиард теңгеге дейін жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылатынын айтты.

Сонымен қатар, ұлттық банк төрағасы ақша-кредит саясатына да тоқталды.

"Президенттің бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленуде. Жолдауда атап көрсетілген саясаттың тиімділігі мен айқындылығын арттыру жөніндегі тапсырмалар осы стратегияда ескерілетін болады", – деді Досаев.

Ал стратегия елдің 2025 жылға дейінгі жаңартылған стратегиялық даму жоспары қабылданғаннан кейін бекітілмек.

Ұлттық банк жанынан жаңа комитет құру көзделеді

Ақша-кредит саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру және валюта нарығын тұрақтандыру үшін үкіметпен бірлесіп, валюталық түсімді елге қайтаруға арналған қосымша шаралар пысықталады.

Айтуынша, ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясында  ұлттық банк жанынан ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құру мәселесі ескеріледі.

Комитеттің басты міндеті базалық ставка мен оның дәлізінің мөлшеріне қатысты стратегиялық шешімдер қабылдау болмақ. Комитеттің құрамына тәуелсіз сарапшылар кіреді.

Оқи отырыңыз: "Бұдан әрі күтуге болмайды": Назарбаева дағдарыс проблеманың бетін ашқанын айтты

Заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер осы жылдың соңына дейін енгізіледі.