Қоғам

Қазақстан жаңартылған білім беру мазмұнына толығымен көшті – БҒМ

Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 352 091 оқушы қабылданды. Олардың шамамен 75 проценті – 6 жасқа толған бүлдіршіндер
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі мектептердің жаңартылған білім беру мазмұнына толығымен көшкенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Биыл жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жұмыстары толық аяқталғанын айта кеткен жөн", - делінген ресми хабарламада.  

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 352 091 оқушы қабылданды. Олардың шамамен 75 проценті – 6 жастан асқан бүлдіршіндер. Сондай-ақ, жыл соңына дейін алтыға толатын 11 мыңға жуық бала бар.

Бүгіннен бастап мектептерде 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істей бастайды. Бір сыныпта 15 оқушы ғана отырады. Бастауыш сынып оқушыларының 60 проценті кезекші сыныптарда оқуға өтініш білдірді.

Қазіргі кезде республика бойынша 7 мыңнан астам мектеп бар. Соның 3 мыңға жуығында 1-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқуды бастады.

"Негізінен, бұл шалғайдағы шағын жинақталған мектептер, олардың әрқайсында 180-нен астам бала бар. Тиісті шешімді санитарлық дәрігерлер қабылдады", - дейді министрлік қызметкерлері.

Ал 2,6 миллион оқушы жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастады. Олар отандық білім беру платформаларын пайдалана отырып, қашықтан оқиды. Сондай-ақ, "Балапан" және "Ел Арна" арқылы телесабақтар көрсетіледі.

Оқи отырыңыз: Аймағамбетов 1 қыркүйектен бастап мұғалімдердің жалақысы өсетінін айтты 

Жалпы, жаңа 2020-2021 оқу жылында 3,3 миллион қазақстандық оқушы, 466 мың колледж студенті және 600 мыңнан астам жоғары оқу орындарының студенті білім алады. Санитарлық дәрігерлердің талаптарына сәйкес, карантиндік шектеулер жағдайында жаңа оқу жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты әртүрлі форматта басталады.