Саясат

Тоқаев қандай нысандар мемлекет меншігінде қалуы керек екенін айтты

Портфельді компаниялардың саны 2 есеге азайтып, қызметкерлердің 50 процентін қысқарту жоспарланып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

"Үкімет жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауы тиіс. Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Жолдауын жария етіп.

Айтуынша, квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасуы тиіс.

Мемлекет басшысы жолдауда "Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтерінің рөліне арнайы тоқталды.

"Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді. Ал, қазір біз мүлде жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту – уақыт талабы. Сондықтан, осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн", - деді президент.

Бұл ретте, портфельді компаниялардың саны 2 есеге азайып, штат саны да 50 процентке қысқаруы тиіс.

"Еліміздің халықаралық аренадағы экономикалық мүддесін белсенді түрде ілгерілетіп, ұлттық мүддені қорғауда сындарлы ұстаным және кәсіби біліктілік таныту керек. Қазақстанның игілігі үшін Еуразия экономикалық одағының және "Бір белдеу – бір жол" жобасының зор мүмкіндігін барынша пайдаланған жөн. Әлемде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару үкімет үшін ерекше басымдыққа ие болып отыр", - деді ол. 

Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін де тиімді пайдаланған жөн деп санайды. Қаржы орталығы тікелей және портфельді инвестициялар тартудың негізгі құралына айналуы тиіс.