НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігін құруды тапсырды. Жаңа мемлекеттік орган тікелей президентке бағынатын болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Халыққа арнаған бүгінгі жолдауында мемлекет басшысы нарықтық бәсекелестік мәселесін ерекше атап өтті. Себебі көптеген салаларда тең мүмкіндіктер емес, монополия басым болып тұр. Соның ішінде көмір, электр энергиясы, мұнай өнімдері, байланыс, фармацевтикалық препараттар, әуежайлардың қызметтері, логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері және тағы басқа салалар бар. Кәсіпкерлер осы санаттағы нарықтарға көп жағдайда кіре алмайды. Кірген күннің өзінде монополистердің айтқанына көнуге мәжбүр. Ал жергілікті жерде коммерциялық табыстық кілті – әкімшілік ресурс.
"Сондықтан мемлекеттік және жекеменшік монополистер мәселесін шешу керек. Ондай кәсіпорындар қандай жағдайда құрылады және қандай формада жұмыс істейді? Табысы қайда жұмсалады? Нақты ереже болуы керек. Қатаң қоғамдық бақылау да жүргізген жөн", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Осы орайда мемлекет басшысы бәсекелестікті қорғау саласындағы мемлекеттік орган құруды тапсырды.
"Бізге бәсекелестікті дамыту мен қорғау бойынша мықты әрі тәуелсіз орган қажет. Сондықтан тікелей президентке бағынатын бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігін құруды тапсырамын", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Сондай-ақ, президент мемлекет меншігіндегі нысандарды барынша азайту қажеттігін жеткізді. Себебі қазірдің өзінде орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен холдингтердің меншігінде 7 мыңға жуық әлеуметтік емес нысан бар. Соның бәрін бәсекелестік ортаға беру керек.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста президент стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құруды тапсырған болатын. Ол да тікелей президентке бағынатын болады.