Саясат

Әшімбаев сенаторлардың демалыс кезінде немен айналысқанын айтты

Парламенттің жаңа сессиясының ашылуы қарсаңында сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев телеарнаға сұхбат берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 қыркүйек — Sputnik. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев QAZAQSTAN телеарнасына сұхбат беріп, депутаттық демалыс кезінде парламент мүшелерінің немен айналысқанын айтты.

Әшімбаевтың айтуынша, сенаторлар демалыс кезінде халыққа пандемиямен күресуге көмектесті.

Депутаттар өңірлерде және жергілікті жерлерде жағдайды бақылап, президенттің халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтердің сапасын және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларға қатысты тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын бақылап отырды.

Әшімбаев пандемия көптеген жүйелі мәселені тудырғанын атап өтті. Айтуынша, депутаттар үкіметке бірқатар тиісті ұсыныс пен сұраныс дайындады. Олар мұқият зерделеніп, пысықталып, елдегі жағдайды жақсарту үшін тиісті ведомстволарға жіберіледі.

Пандемияға қатысты мәселеден бөлек парламент мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс істейді.

"Президенттің тапсырмасына сәйкес, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық базаны жетілдіруіміз керек. (...) Бас прокуратурамен, үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті заң жобаларын дайындаймыз", - деді сенат төрағасы.

Айта кетейік, сейсенбі, 1 қыркүйекте депутаттық демалыстан кейін парламенттің бірлескен отырысы өтеді. Дәстүрлі түрде парламенттің жаңа сессиясының ашылуы президенттің қатысуымен өтеді.