Қоғам

Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылады

2014 жылы Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігі қысқартылып, ішкі істер министрлігінің құрамына өткен болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ішкі істер министрлігінің құрылымын қайта қарап шығу қажет. Оған жатпайтын функциялардан босатқан жөн. Соның арқасында маңызды ведомствоның жұмыс тиімділігін көтеруге болады", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Президенттің айтуынша, қазіргі жағдайда бұрынғы төтенше жағдайлар министрлігін қайта құрған дұрыс.

"Біздің табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқанымызды ескере отырып, төтенше жағдайлар министрлігінің қайта құру қажет деп санаймын", - деді Тоқаев.

Айта кетейік, 2014 жылы Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігі қысқартылған болатын. Сол кезде ішкі істер министрлігінің құрамында төтенше жағдайлар комитеті құрылды.