Қоғам

Мемлекет басшысы оқушылар мен студенттерді білім күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы ұстаздарға жаңа оқу жылында табыс тілеп, пандемияның уақытша құбылыс екенін айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылар мен студенттерді білім күнімен құттықтады.

"Мектеп оқушылары мен студенттерді білім күнімен құттықтаймын! Бүгін жаңа оқу жылы басталады. Сіздерге өз күш-жігерлеріңізге, талпыныстарыңызға, еңбектеріңізге сүйене отырып, болашақтағы жетістіктеріңіздің іргетасын қалау міндеті тұр", – деп жазды президент Twitter парақшасында.

Сонымен қатар президент ұстаздарға жаңа оқу жылында табыс тілеп, пандемияның уақытша құбылыс екенін айтты.

"Жаңа әлемдегі ең құнды дүние саналатын білімге жол ашатын ұстаздарға табыс тілеймін. Пандемия мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқу жылының басталуына кері әсерін тигізді. Бірақ бұл – уақытша құбылыс", – деді мемлекет басшысы.

Айтуынша, үкіметке балалар мен жастардың арасында қауіпті індеттің алдын алып, санитарлық нормаларды сақтай отырып, білім берудің дәстүрлі қалпына оралу тәртібін әзірлеу тапсырылды.

Айта кетейік, биыл жаңа оқу жылы онлайн форматта басталады. Ірі қалаларда 1-4 сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтінішімен мектептерде кезекші сыныптар ашылады. Әр сыныпта бала саны 15-тен аспайды. Оқушылар мен мұғалімдер маска киюге міндетті.

Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылы: қандай мектеп оқушылары дәстүрлі форматта білім алады

Студенттер де бірінші қыркүйектен бастап қашықтан оқитын болады. Жаратылыстану ғылымдары, денсаулық сақтау және өнер бағытының студенттері аралас форматта білім алады. Магистранттар үшін сабақ 14 қыркүйекте қашықтан басталады. Докторнаттар да бірінші қыркүйектен бастап қашықтан оқитын болады.