Өңірлер

"Мың бас қойын сатып жіберген": түркістандық шопан Нұр-Сұлтан қаласында ұсталды

Тергеу барысында жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 53 миллион теңгеден асқаны анықталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 тамыз – Sputnik. Түркістан облысында шопан қожайынның мың бас қойын сатып жіберген, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, өзінің мың бас қойы жоғалғаны туралы арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, бұл қылмысқа малын сеніп тапсырған қойшының қатысы болуы мүмкін.

"Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 53 миллион теңгеден асты. Отырар аудандық полиция бөлімінің полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің ізіне түсіп, оны Нұр-Сұлтан қаласында ұстады", – делінген хабарламада.

Құқық қорғау органларының өкілдері шопанды полиция бөліміне жеткізген және ол өз әрекетін толық мойындаған. Тергеу барысында күдікті екі жыл ішінде жәбірленушінің 1 060 қойын бөліп сатқаны, ал ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды. Бүгінде тәртіп сақшылары ұрланған 30-ға жуық қойды заңды иесіне қайтарды.

Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы ("сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету") бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Оқи отырыңыз: "Погондыларды тергесе, күдіктілер көбейеді": тұрғындар полицейлерге сенуден қалды

Күдікті қамауға алынып, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып жатыр.