Қоғам

Қаһарман дәрігерлер: Нұр-Сұлтандағы қонақ үй қасбетіне дәрігерлер портреті ілінді

Жоба авторы Opera Bastille ғимараты қасбетіндегі француз суретшісінің фотогалереясынан шабыт алғанын айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО аймағында орналасқан бес жұлдызды қонақ үйдің қасбетінде коронавирус пандемиясымен күрескен медицина қызметкерлерінің портреттері пайда болды. Идея авторы – кәсіби фотограф Руслан Мазунин. 

Бұған дейін мұндай көрме Есіл өзенінің үстіндегі жаяу жүргіншілерге арналған ашық көпірде көрермен назарына ұсынылған болатын.

"Дәрігерлер құрметіне арналған фотогалереяның ғимарат қасбетіне қойылғаны туралы қуанышты хабармен бөліскім келеді. Бұл кісілер біздің денсаулығымыз үшін жұмыс істеген және әлі де талмай еңбек етіп келе жатқан жұқпалы аурулар ауруханасының медициналық қызметкерлері. Олар пандемияның алғашқы күнінен бастап қазіргі уақытқа дейін алғы шепте келеді", – деп жазды Мазунин.

Ол Sputnik Қазақстанға Opera Bastille ғимараты қасбетіндегі француз суретшісі – фотогалерея авторының шығармашылығынан шабыт алғанын айтты.

"Мен жарнама фотографы болғаныммен, медицина қызметкерлерін жарнамадағыдай көрсеткім келмеді. Сондықтан оларды мүмкіндігінше сенімді етіп көрсетуге тырыстым. Олардың жүзінен күлкісі кетпегенін қаладым. Жалпы, бұл бағытта бұлыңғырлық қазіргі тақырып шығар, бірақ мен оны көруден шаршадым. Адамдардың жүзінен жақсылық сәулесін көрсеткім келді", – дейді Мазунин. 

Автор бұл бағыттағы жұмысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бағалап, басқа аймақтардың фотографтары қолдайды деп үміттенеді.

Оқи отырыңыз: Дәрігер денсаулық министрлігінің тағы бір қателігін айтты