НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Қазақстанда B2B Jewelry қаржылық ұйымы зергерлік бұйымдар сататын дүкен атын жамылып жұмыс істеп келгені анықталды. Қазіргі кезде оны ұйымдастырған күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі.
Бұрын аталған ұйымның жұмысы Украина мен басқа да мемлекеттер аумағында жолы кесілген. Тіпті, Украина қаржы пирамидасының қызметіне тосқауыл қойған. Ал оның Қазақстанда филиалдары бар болып шықты.
Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті наурыз айынан бері Қазақстанда қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқандығы туралы хабарлаған.
"B2B Jewelry зергерлік бұйымдар сататын дүкендер желісінің атын жамылып жұмыс істеді. Халыққа сатып алу сомасының 104% мөлшерінде "кэшбэк" түрінде ақшаны қайтару кепілдігімен зергерлік бұйымдарды сатып алуды ұсынып келген. Олар жылына 520% табыс кепілдендіріледі деп "алтын" мен "күміске" сыйлық сертификаттарын сатуды ұйымдастырған", – деп хабарлады қаржы мониторингі комитеті.
Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қорытындысында B2B Jewelry компаниясының қызметі күмәнді, тәуекелі жоғары және классикалық қаржылық пирамида белгілері анықталғаны көрсетілген.
Кіріс қолданыстағы мүшелердің инвестицияларымен және әріптестікке жаңа клиенттерді тарту негізінде қалыптасып отырған.
"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу шеңберінде Қылмыстық кодекстің 217-бабы үшінші бөлігінің екінші тармағы бойынша ("қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару, адамдар тобымен алдын-ала сөз байласу арқылы ақша немесе басқа мүлікті ірі көлемде тарту арқылы, өзінің қызметтік жағдайын пайдалану") жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасы қолданылды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: "14 мың сал да, 114 мың ал": сарапшы жаңа қаржы пирамидасы туралы шындықты айтты
Айта кетейік, аталған бап бойынша үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеліп немесе мүлкі тәркіленеді. Белгілі бір лауазымдарды атқарумен және қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыру көзделеді. Сондай-ақ, осы мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады.