Қоғам

Ата заңымыз уақыт рухы мен азаматтардың талап-тілегіне сай келеді – Тоқаев

Қазақстан Конституциясы – мемлекетіміздің келешектегі жан-жақты даму бағдарының мазмұнын айшықтай түседі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтайды, деп хабарлайды Ақорда.

Ол өз құттықтауында 25 жыл бұрын Тұңғыш президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қазіргі Ата заңымыз қабылданғанын атап өткен.

"Бұл қадам тереңнен тамыр тартатын мемлекеттігімізді тың өріске бастап, Қазақстан Республикасының күрделі геосаяси жағдайдағы дамуының даңғыл жолын айқындады. Конституциямызда белгіленген адам құқығы мен бостандығы, саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды", – делінген хабарламада.

Президент құттықтауында халық билігі, теңдік, бірлік, заң үстемдігі сияқты қастерлі ұстанымдар мызғымас ұстын ретінде қалыптасып, Қазақстанның келешектегі жан-жақты даму бағдарының мазмұнын айшықтай түскеніне тоқталған.

"Ата заңымыз уақыт рухына және азаматтарымыздың талап-тілегіне сай келеді. Сондай-ақ, оның жасампаздық әлеуеті саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық қатынастарды одан әрі жетілдіруге бағытталған. Біз мемлекеттің берік конституциялық негізіне сүйене отырып, елдегі келісім мен саяси тұрақтылықты сақтаймыз және азаматтық қоғаммен сындарлы байланысты жалғастыра береміз. Қазіргі қиындықтарды бірге еңсеріп, көздеген мақсатымызға жететінімізге сенімім мол. Елімізге амандық, жұртымызға ынтымақ пен бақ-береке тілеймін!", – делінген Тоқаевтың құттықтауында.

Оқи отырыңыз: КК: Конституцияға енгізілген түзетулер Ата заң құндылықтарына сай