Қоғам

Қазақстанның Ата заңына 25 жыл толды

Биыл қазақстандықтар Конституция күні мерекесіне орай қатарынан үш күн – 29, 30 және 31 тамыз демалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Бүгін – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіткен Ата заңға 25 жыл толып отыр.

Конституция қалай қабылданды

Тәуелсіз Қазақстанда елдің негізгі заңы екі рет қабылданды. Алғаш рет – 1993 жылы 28 қаңтарда. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. 1993 жылғы құжатта Қазақстан парламенттік республика атанды. Алайда 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам талабына сай келмеді. Адамның жеке құқығы мен бостандығы, және оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған болатын. Сол себепті 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде жаңа Конституция қабылданды.

Дәл сол күні Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, елдің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Референдумға сайлаушылардың 90,58%-і қатысты. Олардың 89,14 проценті жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Қолданыстағы Ата заң 9 тараудан, 98 баптан тұрады.

Тағы оқыңыз: Конституция күніне орай Нұр-Сұлтанда автобус қозғалысы тоқтатылады

Жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Тұңғыш президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптап, зерделеп шықты.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан.

Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады.

Ата заңға енгізілген өзгерістер

1995 жылы қабылданған Конституцияға бірнеше рет өзгеріс енгізілген.

2007 жылы Конституцияға Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізілді. Ол бойынша "бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне – Елбасыға қолданылмайды".

2011 жылдың ақпанында Ата заңға президенттің кезектен тыс сайлауын белгілеу және өткізуге қатысты өзгерістер енді. Сол кезде Қазақстанның бірінші президентіне "Елбасы" мәртебесі берілді.

2017 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа туралы жария етті. Елбасы өз өкілеттігінің біраз бөлігін үкімет пен парламентке өткізді.

Конституцияда не жайлы айтылған

Ата заңның 1-бабында "Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" делінген.

3-бап

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық.

12-бап

Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.

14-бап

Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.

36-бап

Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті.

Мереке қалай аталып өтеді

Биыл қазақстандықтар Ата заң күніне орай қатарынан үш күн – 29, 30 және 31 тамыз демалады. Әдетте, мереке күні ел астанасы мен облыстарында мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып, мейрам жоғары деңгейде аталып өтетін. Алайда осы жылы коронавирус індетіне байланысты қазақстандықтар Ата заңның 25 жылдық мерейтойын онлайн форматта тойлауға мәжбүр.

Тағы оқыңыз: Ұлттық банк Конституцияның 25 жылдығына арналған монеталарды айналымға шығарды

Мерекеге орай Нұр-Сұлтанда веложарыс өтеді. Сайысқа қаланың кез келген саябағында сағат 06:00-ден 21:00-ге дейін, қалаған уақытта қатысуға болады.

Орталық кітапханада "Конституция – Тәуелсіздіктің негізі" онлайн инсталляциясы көрсетіледі.

Сонымен қатар, 30 тамызда тұрмысы төмен отбасылар үшін қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады.

Мереке күні "Жастар" театры әлеуметтік желілерде "Айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заң" атты онлайн концерт ұсынады.

Бұдан бөлек, бүгін Nomad театрының әртістері патриоттық әндермен онлайн құттықтау жолдайды.