НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Осы аптада білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзіне қарасты ведомствода "жоғары лауазымды шенеуніктің тергеуге алынғанына" қатысты пікір білдірді. Оның сөзіне қарағанда, вице-министрлердің бәрі жұмысқа келіп жүр. Демек, тергеуге алынған "жоғары лауазымды шенеуніктің" дәрежесі төмен болуы да мүмкін. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүгінде министрлікте ғана емес, жалпы білім саласында жемқорлық фактілері көбейгенін атап өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
21 шілде күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісі өткен болатын. Сол жерде агенттік басшысы Алик Шпекбаев екі қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі жоғары лауазымды тұлға тергеуге алынған. Біреуі білім және ғылым министрлігінде істесе, екіншісі – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің қызметкері. Шпекбаев "жоғары лауазымды тұлғалардың" аты-жөнін атаған жоқ. Олардың кім екені әлі күнге дейін белгісіз. Бірақ агенттік басшысы екі қылмыстық істің цифрландыруға қатысты екенін ашық айтты. Демек, осы салада бюджет қаражаты ұрлануы әбден мүмкін. Ал цифрландыруға қазынадан қыруар қаржы бөлініп тұрады. Пандемия кезінде ол ақшаның көлемі артты. Себебі қашықтан жұмыс істейтіндер және онлайн сабақ алатындар көбейді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда бірнеше әкім отставкаға кетуге өтініш берді
Шпекбаевтың мәлімдемесінен кейін сан алуан алып-қашпа әңгіме тарай бастады. Тіпті, білім және ғылым вице-министрінің ұсталғаны жайында айтылды. Алайда министр орынбасарларының жұмыста екенін айтып отыр. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен тергеуге қатысты ескерту хаты да келмеген.
"Менің барлық орынбасарым жұмыста. Рүстем Айдарбекұлына (Биғари) қатысты ондай ақпарат алмадым. Сосын кінәсіздіктің анық-қанығына жету деген бар. Сондықтан болжам жасау қиын. Өйткені іскерлік атақ-абырой мәселесі тұрады. Егер нақтыланған ақпарат болса, онда ашық айтуға болады", - деді Аймағамбетов бейсенбі күні өткен онлайн брифингте.
Сыбайлас жемқорлық 20 процентке көбейді
Сонымен, білім және ғылым министрлігінде ұсталған шенеуніктің кім екені әзірге белгісіз. Белгілісі, білім саласында жемқорлық көбейген.
Статистикаға сәйкес, биыл жергілікті деңгейде білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері 20 процентке өскен. Өткен жылы жеті айдың ішінде 164 іс қозғалса, биыл дәл осы кезеңде 201 қылмыс анықталған. Бүгінде 100-ден астам қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазірдің өзінде сотталған адамдардың саны 40-қа жуықтап отыр. Ал аяқталған қылмыстық істер бойынша залалдың көлемі 10 есеге өсті.
"Балабақша меңгерушілері жасаған қылмыстың саны екі жарым есеге, мектеп директорлары - екі есеге, колледж директорлары тарапынан болған қылмыстардың төрт есеге артқанын атап өткен жөн. Жеті айдың ішінде 6 мектеп директоры, 2 балабақша меңгерушісі және 2 колледж директоры сотталды", - дейді тәртіп сақшылары.
Оқу орындарының басшылары, көбінесе өздеріне жүктелген сенімді теріс пайдаланып, бюджет қаражатын талан-таражға салады. Атап айтқанда, ақшаны банк карточкаларына заңсыз аудара салады, я болмаса, бір адамды жұмысқа тіркеп қояды да, соның жалақысын алып жүреді. Ал ресми түрде жұмысқа тұрғызған адамдардан "қайырымдылық танытқаны үшін" ақша алады. Тіпті, жұмыстан шығармағаны үшін де "ставка" бар екен. Ондай фактілер аз емес.
Мәселен, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орта мектеп директоры мұғалімді жұмыстан шығармағаны үшін 420 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. Тура сондай фактілер Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды.
Ал өткен аптада Шиелі ауданына қарасты "Бірлестік" ауылдық округіндегі № 142 орта мектептің директорына 9 миллион теңгенің айыппұлы салынды. Ол күзетшіні жұмысқа алғаны үшін 300 мың теңге көлемінде пара алған. Сол сияқты Үштерек ауылының мектеп директоры 8 миллион теңгенің айыппұлын арқалады. Ол да мұғалімді жұмысқа орналастырғаны үшін 200 мың теңге алған.
Вице-министр қызметінен кетуі мүмкін
Білім басқармалары да жемқорлық статистикасына ілініп отырады. Бір сорақысы, балаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге арналған ақшаны ұрлаудан да тайынбайтын шенеуніктер бар. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғалары төтенше жағдай кезінде 6 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталды. Осы ақшаға 100 дана ноутбук сатып алынады деген жоспар болған.
Шынымен де, коронавирус пандемиясының салдарымен күресуге қыруар қаражат жұмсалып жатқанда ол қаржыны мақсатсыз пайдалану және жымқыру қаупі арта түседі. Осы мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударған. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік жобаларға қыруар ақша бөлініп жатыр. Бір жылдан кейін дәл осы ақшаның ұрланбайтынына кепілдік болуы керек. Өкінішке қарай, әзірше ондай кепілдік жоқ.
Айтпақшы, Шпекбаев айтқан "жоғары лауазымды тұлға" білім және ғылым министрлігіне қарасты құрылым басшысы болса, онда "жұмыста отырған" вице-министрлерінің біреуі отставкаға арыз жазуға мәжбүр болады. Себебі елімізде қол астындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеті үшін бірінші басшының жауапкершілігі заңмен бекітілді. Әрине, ол үшін ұсталған шенеуніктің кінәсі сотта дәлелденуі тиіс.