Қоғам

"Бір көзді баланы ертіп жүрдім": Семей өңірінің тұрғыны полигонның зардабы жайлы айтты

Полигон зардабын көрген адамдармен тығыз жұмыс істедім, алайда сол кісілерден көзі тірі ешкім қалмады, дейді Төлеген Жанғалиев
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 тамыз — Sputnik. 29 тамыз – халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданында тұратын Төлеген Жанғалиев Семей ядролық полигонының өзі жабылғанымен зардабын жою жұмыстары жүргізілмей отырғанын айтты. Ақын Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында аймақта ең жиі кездесетін ауруларды атай келе, жастардың өзіне қол салу жағдайлары әлі де тоқтамай тұрғанын жеткізді.   

"Полигонның зардабы тиіп, бір көзбен туған, кемтар болып қалған балалардың бәрі дүниеден өтіп кетті. Бірақ қазір Абай ауданы халқының 90%-і полигон кесірінен ауырады. Ішінде туғаннан анемия болатыны да, өсе келе жүрек-қан тамырлары ауруы, қант диабетімен ауыратындар да бар. Ақ қан ауруына шалдыққандар да көп", - дейді семейлік  ақын.

Айтуынша, аудандағы балалар қан қысымы жағынан да аурушаң келеді. Жүйкесі сыр беріп, өзіне қол салатындар да бар.

"Балаларда қан қысымы бар, жастардың асылып өлуі әлі тоқтамай тұр. Полигонның кесірінен жүйкесі сыр береді. Ол ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатыр. Полигон жабылғанымен, зардабы әлі біткен жоқ. Полигонның зардабын тартқандарға нақты көмек көрсетілмейді. Осы мәселені қанша көтеріп жүрсек те, әлі шешімі табылмай келеді", - дейді Жанғалиев.

Астанада, Семейде оңалту орталықтары бар, оған біздің халық бара алмайды. Кейде сол полигонның зардабын көрдім деп емделуге баратындар да бар, олар тіпті полигонның қай жерде екенін де білмейді. Олар Семейде жарылыстар болған кезде басқа жақтан келіп көлік жүргізіп, анау-мынау жұмыс істегендер, олар ол жерде тұрған жоқ, зардабын көрген жоқ. Демалыс орындарына солар жіберіліп жатыр, деп ашынды ақын.

Айтуынша, Абай ауылының адамдары демалыс орындарына бара алмайды. Өйткені "путевка" берілмейді, берілсе де аймақ халқына жетпей таратылып кетеді.

Төлеген Жанғалиев 1982-1999 жылдары Абай аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, аудан әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. Айтуынша, полигон зардабын көрген адамдармен қоян-қолтық жұмыс істеген. Алайда сол кісілерден арамызда көзі тірі ешкім қалмады, дейді ол.

"Жарты миллион адам зардабын тартты": Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдады 

"Полигонды жапқанымен, оның зардабы әлі жойылған жоқ, жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Оны айту керек. Полигонды жапқанына да отыз жыл болды. Полигонның зардабын тартқан бір көзі бар баланы ертіп жүрдім. Одан кейін 13 жастағы Еңлік деген қыз болды, денесі екі жастағы бала сияқты еді", - деп еске алды ол.

Жанғалиев ядролық қаруды тоқтату туралы 1989 жылы Олжас Сүлейменовтің бастамасымен көтерілгенін атап өтті.

"Жазушылар одағының конференция залында "Невада-Семей" қозғалысының құрылғанын хабарлады. Олжас Сүлейменов полигонның зардабын айтып айғайлап шықты. Ол коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезі. Соған қарамастан, полигонды жабу  – Кешірім Бозтаев пен Олжас Сүлейменовтің еңбегі", - деді Төлеген Жанғалиев.

1989 жылдың тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мараторий жариялау туралы ұсыныстар айтылды. Қарауылдағы наразылыққа Сүлейменовтің өзі келді. Айтуынша, үлкен шеру өтіп, бәрі осыдан басталған.

"Президентіміз оған егемендік алғаннан кейін қол қойды. Әрине, елдің бәрі қаруланып жатқанда қарусыздандыруды әлемде бірінші рет көтерген сол кісі. Полигонды жапты, полигонды жапқанымен оның зияны әлі күнге дейін бар", - деп түйіндеді сөзін ақын.

Айта кетейік, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 28 тамызында Семей полигонын жабу туралы жарлық шығарды. Осылайша, сол жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды.

Семей полигонындағы ең соңғы атом жарылысы 1989 жылдың 19 қазанында болды. 42 жыл ішінде полигонда 456 ядролық жарылыс болған. 2009 жылы БҰҰ-ның бас ассамблеясы 29 тамызды халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.