Қоғам

Нұр-Сұлтан тұрғындарына әлеуметтік пәтерлер кілті табысталды

Жаңа пәтер кілттері тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мен халықтың әлеуметтік осал тобы санатында кезекте тұрғандарға табысталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Конституция күніне орй Нұр-Сұлтанда "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған әлеуметтік пәтерлер кілті табысталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңа тұрғын үй кешенінде 250 пәтер бар. Олар тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мен халықтың әлеуметтік осал тобы санатында кезекте тұрғандар арасында бөлінді.

Нұр-Сұлтан тұрғындарына әлеуметтік пәтерлер кілті табысталды

"Бүгін барлығымыз үшін маңызды күн. Ата Заңымыздың 25 жылдығы – Конституция күні қарсаңында өз пәтерлеріңіздің кілтін алып жатырсыздар. Құрылыс саласында қол жетімді тұрғын үй салу өте маңызды. Елбасы қабылдаған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жыл сайын мыңдаған отбасы көптен күткен баспаналарын алады", – деді салтанатты шарада сөз сөйлеген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Қала әкімінің мәліметінше, биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі үш есе өсті. Бұл 8 мыңнан астам пәтер: яғни, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және тұрғын үй кезегінде тұрған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Пәтерлер кезекке сәйкес үлестіріледі.

"Әлеуметтік тұрғын үй әлеуметтік осал санатқа арналған. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, жетім балалар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, көп балалы отбасылар және тағы басқалар. Біз қазіргі кезде "Қазақстандық ипотекалық компаниясымен" бірге қол жетімді баспана алушылар санатын кеңейттік", – деді Көлгінов.

Айтуынша, осы бағдарлама бойынша әлеуметтік қызметкерлер, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, полицейлер, мәдениет және спорт қызметкерлері пәтер алуға өтініш бере алады.

Қала әкімі аптап ыстыққа, жаңбыр мен аязға қарамай жұмыс жасайтын құрылысшыларымызға ерекше алғыс айтып, жаңа қоныс иелеріне денсаулық пен табыс тіледі.

Нұр-Сұлтан тұрғындарына әлеуметтік пәтерлер кілті табысталды

Салтанатты шараға "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова да қатысты. Ол биыл соңғы 8 айда 5 мың банк салымшысы өз үйлерін алғанын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Баспана алуға арналған бағдарламалар: мамандар жиі қайталанатын қателікті атады