Қоғам

Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы: карантин басталғалы қызымды ешкім көрген жоқ

Зухра Сейтімова Ақжарқынның жазасын Қазақстанда өтеу үшін жазбаша келісім беріп-бермегенін білмейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Қытайда түрмеде отырған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова карантин басталғалы қызынан ешқандай хабар ала алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жуырда Қытайдың апелляциялық инстанциясы Ақжарқын Тұрлыбайға кесілген сот үкімін тағы да өзгеріссіз қалдырды. Енді қорғаушылар мен қыздың отбасы Ақжарқынды Қазақстанға қайтару жолдарын қарастырып жатыр. Екі ел арасындағы келісімшартқа сәйкес, Ақжарқын жазасын Қазақстанда өтеу үшін жазбаша келісім беруі керек.

Зухра Сейтімова қызының өз елінде жазасын өтеуге келісіп-келіспегенінен хабарсыз.

"Білмеймін, мен қызыммен жолықпаймын ғой. Келісім берудің нақты мерзімі жоқ", - деді ол Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында.

Сейтімова Ақжарқынның қазір Гуанчжоу қаласындағы изоляторда жатқанын, енді қандай түрмеге ауыстырылатынын білмейтінін айтты.

Әйел қызымен соңғы рет былтыр сәуір айында сөйлескен. Карантин басталғалы баласынан еш хабар ала алмай отыр.

"Карантин болғандықтан, ол жаққа ешкімді кіргізбейді. Тіпті дипломаттарды, адвокаттарды кіргізбеді. Карантин басталғалы бері ешкім көрмеген", - деді Сейтімова.

Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді.

Тағы оқыңыз: Ақжарқын Тұрлыбай түрмеге ауыстырылады – министрлік түсініктемесі

2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

Сот үкімі өзгерген жоқ

2019 жылдың 27 желтоқсанында Қытай соты отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Қорғаушы тарап үкімге қарсы шағым түсірді. Алайда жуырда апелляциялық инстанция сот үкімін тағы да өзгеріссіз қалдырды. Енді қорғаушылар мен Ақжарқын Тұрлыбайдың отбасы Ақжарқынды Қазақстанға қайтару жолдарын қарастырып жатыр.

Ақжарқын түрмеде немен айналысады?

Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр. Сонымен қатар, көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.

2019 жылы қыздың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентінен көмек сұрап хат жазды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді.