Елорда тынысы

Елордалық оқушылар үшін 34 мың компьютер сатып алынады 

Бірінші кезекте, тұрмысы төмен отбасылардың балалары толықтай қамтылады. Жетім және білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларға да міндетті түрде компьютер беріледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімдігі қашықтан оқитын оқушылар үшін 34 472 компьютер сатып алады. Бұл туралы қаланың білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Компьютерге қажеттілік бойынша мониторинг жүргізілді. Осы мақсатта 34 472 компьютер сатып алуға шарт жасалды. Бірінші кезекте, тұрмысы төмен отбасылардың балалары 100 процент қамтылады", деді Қадырова онлайн баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар, оның айтуынша, жетім және білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларға да міндетті түрде компьютер беріледі. 

20 тамыздан елордалық оқушыларға компьютерлік техника, ал 25 тамыздан роутерлер таратыла бастаған. Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам компьютер, 13 300 роутер үлестірілді. 

"Бұл жұмыс жалғасады", деді Қадырова.

Айта кетсек, жаңа оқу жылында Нұр-Сұлтан мектептерінде 3002 кезекші сынып ашылады.