НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысында қорғаныс және ішкі істер саласында мемлекеттік қызметтерді жеңілдету мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
"Жиында әскери билеттердің қағаз нұсқасынан бас тарту, оларды тек соғыс жағдайында ғана беру ұсынылды. Қалған уақытта әскери билет жергілікті әскери комиссариатта сақталады. Ал әскери міндеттілік туралы хабарлама "электронды үкімет" порталындағы азаматтардың жеке кабинетіне жіберіледі", – делінген ресми хабарламада.
Осы бастаманы іске асырудың арқасында бюджеттің біраз қажысын үнемдеуге болады.
"Сондай-ақ, біз азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде оларды әскери есепке автоматты түрде қоюды ұсынамыз. Тіркеу кезінде ақпарат автоматты түрде біздің дерекқорымызға түседі де, біз бірден әскери есепке аламыз. Ол үшін азаматтарға әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Жалпы, біз 16 мемлекеттік қызметті бірден автоматтандыруды ұсынамыз", – дейді қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік қызметтерді композиттік тәсілмен, яғни "бір өтініш – мемлекеттік қызметтер кешені" қағидаты бойынша көрсету ұсынылды. Осылайша, азамат өзін әскери есепке қоюды өтінген кезде оған автоматты түрде "запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға әскери билет немесе олардың телнұсқасын (әскери билеттің орнына уақытша куәлік) беру" мемлекеттік қызметін көрсету туралы хабарлама жолданады.
Оқи отырыңыз: Әскери билет үшін 800 мың теңге алған парақор видеоға түсіп қалды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусиннің айтуынша, отырыста айтылған барлық ұсынысты техникалық жағынан іске асыруға болады.