НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Ақжарқын Тұрлыбай Қытайдың Гуандун провинциясы түрмелерінің біріне ауыстырылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбай келесі айда Гуандун провинциясы түрмелерінің біріне ауыстырылады", - делінген ресми хабарламада.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Ақжарқынды тергеу изоляторынан түрмеге ауыстыруға қатысты түсініктеме берді.
"Бұған дейін Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу қаласының (Гуандун провинциясының астанасы - Sputnik) тергеу изоляторында болды. Енді, міне, соттың соңғы шешімі шықты. Оған сәйкес, жазасын өтеу үшін түрмеге жіберіледі", - дейді Айбек Смадияров.
Айта кетейік, өткен жылы Гуанчжоу қаласының халық соты есірткі контрабандасы үшін айыпталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырған болатын. Қорғаушы тарап сот үкіміне шағым жасаса да, апелляциялық инстанция да соттың шешімін сол күйінде қалдырды.
Осы орайда министрлік Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында сотталған адамдарды беру туралы келісім бар екенін еске салды. Осы құжат 2015 жылы күшіне енген. Оған сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты үкімді орындауды Қытай юрисдикциясынан Қазақстанға беруді қолдануға болады.
"Сотталған азаматты беру бойынша келіссөздер ҚР Бас прокуратурасы мен ҚХР уәкілетті органы арасында жүргізіледі. Тұрлыбайды Қазақстанға берудің нақты мерзімі белгісіз, алайда біз оны тезірек қайтаруға мүдделіміз. Тұрлыбайдың ісі Сыртқы істер министрлігінің тұрақты бақылауында екенін атап өтеміз", - дейді министрлік өкілі.
Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі
Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
2019 жылы Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын.
Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр. Сонымен қатар, көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.