ПАВЛОДАР, 27 тамыз — Sputnik. Итті көлігіне байлап серуендеуге шыққан павлодарлық жауапқа тартылады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, 27 тамызда жергілікті пабликтердің бірінде Ломов-Ворушина көшелерінің қиылысында түсірілген видео тараған. Тұрғын итін көлігіне байлап жүрген.
Іздеу шараларының нәтижесінде полицейлер 26 жастағы жүргізушіні тапты.
"Ер адамның айтуынша, 26 тамызда сағат 23.00-де Павлодарға Өскеменнен итімен жарысқа келген танысын кездестірген. "Алабайды" көлік терезесінен қарғыбауын шығарып серуендетуге тура келген", - делінген баспасөз хабарламасында.
Көлік айып тұрағына қойылып, ит иесіне тапсырылды.
Жануарларға қатыгездік таныту фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 316-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бапта 120 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 2778) көлеміндегі айыппұл немесе 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа міндеттеу, я болмаса 30 тәулікке дейін қамау шарасы қарастырылған.