Өңірлер

Қоғамдық көлікке маскасыз кіретін жолаушыларды анықтау жүйесі енгізіледі

Алматының бас санитар дәрігері бұған дейін алдағы демалыс күндері қоғамдық көлік пен бірқатар нысан жұмыс істемейтінін айтқан болатын
Sputnik

АЛМАТЫ, 27 тамыз — Sputnik. Алматыда қоғамдық көлікте маскасыз жүретін жолаушыларды анықтау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы мегаполистің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.

"Қала әкімінің бастамасымен қоғамдық көлікте ақпараттық жүйе енгізу бойынша пилоттық жоба енгізілуде. Жүргізушіге автобусқа бетпердесіз адам кіргені туралы белгі түседі", - деді ол брифингте.

Мұндай жағдайда жүргізуші қоғамдық көлікті тоқтатып, бетперде тағуды талап етеді. Әйтпесе жолаушы автобустан шығарылады, деп қосты Алматының бас санитар дәрігері.

Бекшин бұл талапты орындамаған жүргізушілер айыппұл төлейтінін айтты. 

Еске сала кетсек, Алматының бас санитар дәрігері бұған дейін алдағы демалыс күндері қоғамдық көлік пен бірқатар нысан жұмыс істемейтінін айтқан болатын.