Өңірлер

Атырау облысында бір апта "тұрмыста" болған 13 жасар қалыңдық үйіне қайтарылды

Тексеріс қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған қыз үйіне қайтарылды. Ол мектепте оқуын жалғастырады. Биыл 8-сыныпқа көшкен
Sputnik

АЛМАТЫ, 27 тамыз — Sputnik. Атырау облысында ювеналды полиция қызметкерлері 18 жастағы сүйіктісінің үйінде бір аптадай тұрған жасөспірім қызды үйіне қайтарды. Некеге екі жақтың да ата-анасы қарсы болмағанына қарамастан, тәртіп сақшылары заң бұзылғанын алға тартып отыр.

Атырау облысында 13 жасар қыз тұрмысқа шыққаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде 25 тамызда пайда болды. Бұл оқиғаға қатысты кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшенің қызметкерлері тексеріс жүргізді, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.

Ювеналды полиция қызметкерлері қыздың анасын шақырды. Жасөспірімді аудандық аурухананың гинекологы тексерді. Нәтижесінде жыныстық қатынас болмағаны анықталды. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. 

"16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік туралы алдын алу, түсіндіру жұмысы жүргізілді. Бұл Қылмыстық кодекстің 122-бабында көрсетілген", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Басылым тілшісі алған ақпаратқа сәйкес, Миялы ауылында 18 жастағы сүйіктісінің үйінде қыз бір аптадай болған. Ата-аналары жастардың махаббаты шынайы әрі пәк екенін айтып отыр.

Тексеріс қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған қыз үйіне қайтарылды. Ол мектепте оқуын жалғастырады. Биыл 8-сыныпқа көшкен.