Фото

Екі ғасыр бойы жиналған ерекше самаурындар – фото

Sputnik

Көрмеге 50-ге жуық экспонат қойылды. Коллекция тек самаурынның санымен ғана емес, сонымен қатар олардың әртүрлі болуымен де ерекше. Көрмеде 18-19 ғасырда жасалған "ваза" және "шар", "рөмке" мен "цилиндр" секілді самаурынның кез келген формасын кездестіруге болады.

Sputnik Қазақстан көрмеде қойылған самаурындардың ерекше түрлерін ұсынады.

Орталық мемлекеттік музейдің қорларды сақтау бөлімі меңгерушісі Маржан Жүнісованың айтуынша, бұл коллекция екі ғасыр бойы жиналған. Музейде жүзге тарта самаурын бар.

Барлық самаурынды әртүрлі шебер жасап шығарған. Олар мыстан, жезден, қоладан жасалған. Арнайы тапсырыспен жасалған самаурындар алтын немесе күміспен көмкерілген. Ал боялған самаурындар 20 ғасырдың басында пайда бола бастады.

"Мұражайда жүзге тарта самаурын бар, ал көрмеге соның бір бөлігі қойылды. Оның ішінде 19 ғасырдың ортасы – 20 ғасырдың басында тулалық ағайынды Баташовтар, Шемариндер фабрикаларында жасалған самаурынға ерекше назар аударуға болады. Баташовтар жылына 120 самаурын жасап шығарған ұсталар, олар жәрмеңкелерге қатысып, үнемі жүлделі орын алып отырған", - дейді мұражай қызметкері.

Көрмеге қойылған самаурынның басым бөлігі тулалық Баташовтарға тиесілі. Бір кездері Баташовтар "самаурын патшасы" деген атқа ие болған. Себебі самаурын жасаудың шеберлері 19 ғасырда алтын медаль жеңіп алған. Олардың фабрикасы 19 ғасырдың ортасынан 20 ғасырдың басына дейін жұмыс істеп тұрды.

Өткен ғасырлардағы самаурындарда медальон болған. Ол самаурынның қанша рет көрмеге қатысқанынан хабар береді. Медальонға көрменің қай уақытта, қай жерде өткені жазылады. Самаурын бетіндегі медальон санымен және салмағына қарай құнды болып есептеледі.

Сонымен қатар Шемариндер фабрикасы шығарған самаурындар да ерекше қызығушылық тудырады. Оларды Баташовтардың қарсыласы деп те атайды, себебі бұл фабрикаға тиесілі самаурындар арасында сыйымдылығы 30 литр ең үлкен самаурын бар. Сондай-ақ, 1926 жылы Қарқаралы жәрмеңкесінде сатып алынған самаурынды да ерекше айтуға болады. Музейге ол 1970 жылы түскен.

Оқи отырыңыз: Көксеңгір аспан – құз жартас: тау басындағы көлдердің таңғажайып суреттері

Көрмеге самаурындар коллекциясымен бірге ас үй құралдары, Қазақстанның фарфор зауыттарының өнімдері де қойылды. Самаурындар арасында жолға алып жүретін шағын түрі де бар.

Самаурын тарихына үңілсек, самаурынға ұқсас құрылғылар антик заманында да белгілі болған. Мұндай "самаурындар" ежелгі Римде, кейіннен Азия мен Еуропада кеңінен таралған. Ал қазақ даласына самаурын этномәдени байланыс нәтижесінде, яғни сауда, айырбас, тарту-таралғы түрінде келіп, халықтың тұрмысына енді.

1 / 15
Ақтөбе темір жол станциясының 30 литрлік самаурыны
2 / 15
"Самаурының қайнасын..." көрмесіне 50-ге жуық экспонат қойылды. Коллекция тек самаурынның санымен ғана емес, сонымен қатар олардың әртүрлі болуымен де ерекше
3 / 15
Көрмеде 18-19 ғасырда жасалған "ваза" және "шар", "рөмке" мен "цилиндр" секілді самаурынның кез келген формасын кездестіруге болады
4 / 15
Самаурындар коллекциясы екі ғасыр бойы жиналған. Әр самаурынның өзіне тән тарихы бар
5 / 15
Музейде жүзге тарта самаурын сақтаулы, ал көрмеге оның жартысы қойылды
6 / 15
Коллекциялар қатарында 19 ғасырдың басында тулалық ағайынды Баташовтар, Шемариндер жасаған самаурындар ерекше бағаланады
7 / 15
Баташовтар самаурынында медальондар бар, олар самаурынның неше рет көрмеге қойылғанын көрсетеді. Ол жерде көрменің қай жерде, қай жылы өткені көрсетілген
8 / 15
Самаурынның құндылығы бетіндегі медальонның саны мен салмағына байланысты
9 / 15
Самаурынның шүмегі
10 / 15
Самаурындар мыстан, жезден, қоладан жасалған. Арнайы тапсырыспен жасалған самаурындар алтын немесе күміспен көмкерілген
11 / 15
Самаурын-шәйнек
12 / 15
Жолға арналған самаурын
13 / 15
Көрмеге самаурындар коллекциясымен бірге сервиздер, асүй құралдары, Қазақстанның фарфор зауыттарының өнімдері де қойылды
14 / 15
"Самаурының қайнасын..." көрмесіне қойылған шәйнек
15 / 15
Арасында қай уақытта, қай жерде жасалғаны белгісіз самаурындар да бар