АЛМАТЫ, 26 тамыз – Sputnik. Қазақстанда қыркүйек-желтоқсан аралығында азаматтарды күзгі әскери қызметке шақыру жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысқан ақпараттық кеңесте талқыланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиын барысында қарулы күштердің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды. Сонымен қатар азаматтарды мерзімді қызметке шақыру жөніндегі барлық іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып ұйымдастырылады.
"Азаматтарды әскери қызметке қыркүйек-желтоқсан аралығында шақыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Әскер қатарына жаңадан қабылданғандармен жұмыс істейтін лауазымды адамдардан тұратын әкімшілік бөлімшелердегі оқу процесін жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін қабілетті, даярланған офицерлер мен келісімшарт бойынша сержанттар тағайындалуы тиіс", – делінген ақпаратта.
Министр Нұрлан Ермекбаев жас буынды шақыру басталғанға дейін казармалық-тұрғын үй қорын, монша, кір жуу комбинаттарын, асханалар мен оқу-материалдық базаны қалыпқа келтіруді тапсырды.
Ведомствоның хабарлауынша, әскери қалашықтарға жағдай жасау, әскери қызметшілердің өмірі мен тұрмысын ұйымдастыру, казармалық қорды жөндеу сынды әлеуметтік мәселелерді шешу қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынған.
Осы тұста министр Қарағанды қаласының әскери бөлімдерінің бірінде сарбаздар асханасын жөндеу мерзімін сақтамағаны үшін Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының бастығын қатаң сынға алды. Мәселе қызмет көрсетудің субъектісімен шартты бұзу процесінде болып отыр. Нұрлан Ермекбаев асхананы жөндеу мәселесін қысқа мерзімде шешуді талап етті.
Қызметкер тәртіп бұзса, басшысы жауапқа тартылады
Министрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында тәртіп бұзушылардың тікелей басшылары әскери атақтары мен бұрынғы еңбектеріне қарамастан жауапқа тартылатынын айтып ескерту жасады.
"Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтарға жол бермеу аясында барлық тәртіп бұзушылардың тікелей басшылары әскери атақтары мен бұрынғы еңбектеріне қарамастан жауапқа тартылады. Халықтың әскерге деген сенімі мен елді қорғауға деген риясыз қабілетіне нұқсан келтірмеу үшін Қарулы күштер қатары құқық бұзушылықтардан таза болуы керек", – деді Ермекбаев.
Ведомство басшысы Бас штаб пен Әскери полиция бас басқармасының бастығына құрамаларды, әскери бөлімдер мен мекемелерді тәуліктік нарядта қызмет атқару сапасына, кезекшілердің қырағылығы мен штаттан тыс жағдайлар туындаған кездегі іс-қимылдарға дайындығына мән беруге шақырды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев әскерге шақыру туралы жарлыққа өзгеріс енгізді
Сонымен қатар, диверсия мен терроризмге қарсы қорғанысты ұйымдастыруға ерекше назар аудару мәселелері бойынша іріктеп тексерулер жүргізуді қолға алуды тапсырды.