Қоғам

Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын қашан жасайтыны белгілі болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында жариялайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы дәстүрлі жолдауды 1 қыркүйекте өтетін парламенттің кезекті сессиясының ашылуында жариялайды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі жолдауы 2020 жылдың 1 қыркүйек күні өтетін парламенттің кезекті сессиясының ашылуында жарияланады деп жоспарланып отыр. Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму мақсаттары жайында айтады. Жолдаудың басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналады", - деп жазды ол.

Айта кетсек, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстан Республикасы парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойған болатын. Отырыс 1 қыркүйекте сағат 11-де өтеді. 

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық бағытты әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан еді. Ол алдағы жолдаудың негізгі бөлігін құрайтын болады, деді президент.