АЛМАТЫ, 25 тамыз — Sputnik. "Ақ жол" демократиялық партиясының ұйымдастыруымен онлайн форматта Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуына "Алаш" қайраткерлерінің қосқан үлесі жайында халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиында 20-ға жуық ғалым баяндама жасады.
Конференцияға қатысушылардың арасында филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова және "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, жас ғалымдар, алаштанушылар бар.
Конференция барысында алаш көсемдерінің ерлігі, "Алаш" идеясының тарихи маңызы, осы тақырып төңірегінде жазылып жүрген ғылыми еңбектер талқыланды.
Халық комиссарлары репрессияға ұшырады
Профессор Ғарифолла Әнес Ахмет Байтұрсынұлы және халық комиссариаты жайында баяндама жасады.
"Қазақ автономиялық республикасын құру туралы құрылтайдың қазандағы съезінде басшылар, наркомдар (халық комиссариаты) сайланды. Бұл қазіргі тілмен айтқанда сол кезеңнің министрлері. Жиында әділет, ішкі істер, денсаулық, жер министрлігі құрылды. Оның ішінде қазақ руханиятына көп қызмет атқарғаны – оқу-ағарту министрлігі. Оны тек білім министрілігі деуге келмейді, ол бірнеше министрліктің қызметін атқарды. Қазіргі білім мен ғылым, спорт мен мәдениет, мұрағат, баспасөз секілді мәселелерді қарастырды. Осының барлығына "наркомпрос" жауап берді, ал осы министрліктің бірінші комиссары – Ахмет Байтұрсынұлы", - дейді Ғарифолла Әнес.
Айтуынша, Байтұрсынұлы 1920 жылдың қазанынан 1921 жылдың қазанына дейін осы қызметті атқарды. Осы уақытта Жүсіпбек Аймауытов пен Аспандияр Кенжин Байтұрсынұлының орынбасары болды.
"Аспандияр Кенжин кейін Байтұрсынұлының орнына комиссар болды да, Байтұрсынұлы оның орынбасары қызметін атқарды. Одан кейін Сәкен Сейфуллин орынбасары болды. 1941 жылға дейін 12 халық ағарту комиссары ауысты. Әрқайсысы 1-2 жылдан жұмыс істеді. Соның ішінде бір адамның ғана аты-жөні белгісіз, қалған 11 адамның барлығы совет үкіметі қолынан қаза тапты. Оның ішінде 1925-1927 жыл аралығында ағарту комиссары болған Смағұл Сәдуақасов та бар", - дейді профессор Әнес.
Филология ғылымдарының докторы Қазақ Республикасының оқу-ағарту министрі болғандардың арасында Темірбек Жүргеновті ерекше атады.
"Темірбек Жүргенов басшы болып тұрған кезде оны "Темір нарком" деп атаған. Мәскеудегі онкүндікті өткізіп, қаншама өнер жұлдызын шығарды. Ол да 1938 жылы атылып кетті. Халық комиссары болған кісілердің барлығы репрессияға ұшырады", - дейді Ғарифолла Әнес.
Қазақ автономиясын құру батыста басталды
Ғалым қазақтың бірнеше облысын бөлу кезіндегі Лениннің үлесіне де тоқталды.
"Ұрпаққа барлық шындық айтылуы керек. Әсіресе, Қазақ Республикасының 100 жылдығын атап өткен жағдайда Лениннің рөлін айта кеткен жөн. Қазіргі Маңғыстау, Атырау облыстарының шекарасын бөлерде бірнеше рет мәжіліс болған. Оған Лениннің өзі қатысқан. Бір мәжілісте Ленин Астрахань губерниясының басшысына хабарласып, төте сұрақ қояды. "Астрахань губерниясында қазақ көп пе, басқа көп пе?" деп сұрайды. Сонда Астрахань басшысы қазақтың көп екенін айтады. Содан Маңғыстау, Атырау, Бөкей ордасының жері қазаққа берілді", - дейді Әнес.
Сонымен қатар тарихи деректерді келтіріп, алашордашылардың Қазақ Республикасының құрылуына қосқан үлесі туралы пікір айтқандардың арасында тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова да болды. Конференция барысында ғалым Жаһанша Досмұхамедовтің еңбегіне тоқталды.
Оқи отырыңыз: Қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлы туралы не білеміз?
Сүлейменованың айтуынша, қазақ автономиясының құрылуы Қазақстанның батыс өңірінде басталды. 1917 жылы Орал қазақтарының бірінші съезі өтті. Ол жерде жаңа мемлекет құру, жүріп жатқан соғысқа деген көзқарас тақырыптары көтерілді.
Ал партияның Ақмола облысындағы филиал төрағасының орынбасары Бақыт Смағұлов тарихшылардың кейінгі кезде жершілдікке салынып кеткенін айтып, алаш тақырыбын Әлихан Бөкейхан есімімен қатар көтеруді ұсынды.
"Алаш – қазақтың төл тарихы. Алашорданың өзі күнбатыс, күншығыс, орталық Қазақстанды қамтыды. Бір кездері алаштың қазаны қайнаған Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстандағы алаш мәселесін әлі де көтеру керек. Кейінгі кезде тарихшылардың дені тарихты әрқайсысы өз жағына тартқыш болып кетті. Біз алаш мәселесін енді ғана көтеріп жатырмыз, мұндай сәтте жершілдікке жол беруге болмайды. Алаш тарихын қозғаған кезде Әлиханды қашан да биік ұстауымыз керек. Алашорданы Әлиханнан бөліп қарастырсақ, тарихқа қиянат болады. Әлиханның көсем ретіндегі идеясын ұстану арқылы қазақтың ортақ мүддесін қалыптастыра аламыз", - деді Смағұлов.
Алаш қайраткерлері туралы ақпаратты көбейту керек
Сонымен қатар жиын барысында мектеп бағдарламасында алаш қайраткерлері туралы ақпаратты көбейту ұсынылды.
"Ақ жол" партиясы тарихшылардың клубы емес, тарих – саяси сабақ, саяси тәжірибе. Аға буынның тәжірибесін пайдалана отырып, заманауи елде саяси көзқарас қалыптастыруымыз керек. Алаш белсенділері деген – сол кезде бас көтерген мыңдаған адам, себебі қай ауылға барсаң да, өз ішінен шыққан алаш арыстары бар. Оның арасында 15-16 жастағы жастар да болды. Алаш арыстарының мұрасына арналған конференция тек көсемдерге ғана емес, алаш ұстанымын ұстанған азаматтарға арналды", - дейді Перуашев.
Айта кетейік, Қазақ Кеңестік социалистік Республикасы 1920 жылы 26 тамызда құрылды. Бастапқыда ол Қырғыз АКСР деп аталды, 1936 жылы одақтас республикаға айналды. 2020 жылы Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толды.