Қоғам

Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыруға дайын

Цой COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаны салдыруға әзір, ол денсаулық сақтау саласының қызметкері болғандықтан, екпе тегін егіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыруға дайын. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қожахметов министрден коронавирусқа қарсы вакцина пайда болғанда салдырасыз ба деп сұраған.

"Ол иә деп жауап берді. Вакцина халықаралық сертификаттаудан өткеннен кейін, министр өзіне екпе салдырады. Ол денсаулық сақтау жүйесінің қызметкері болғандықтан, вакцина тегін егіледі", - деді Қожахметов онлайн баспасөз мәслихатында.

Ол министрдің отбасы мүшелері, жалпы кез келген медицина қызметкерінің туысқандары вакцинаны өз ақшасына сатып алатынын айтты.

Сонымен қатар, Қожахметов коронавирусқа қарсы вакцина тегін салынатын адамдардың жас шектеуі төмендетілуі мүмкін екенін жеткізді.

"Денсаулық сақтау жүйесінде 200 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар да 65 жастан асқан азаматтар сияқты тәуекел тобына кіреді. Қазір бұл межені 60 жасқа дейін төмендету мәселесі қаралып жатыр. Тәуекел тобына созылмалы жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандар, созылмалы ауруы бар балалар, қант диабеті бар адамдар енген", - деді ол.

Айта кетсек, таяуда Ресей коронавирусқа қарсы вакцина әзірленіп, тіркеуден өткенін хабарлады.