Өңірлер

Алматыда 15 мыңнан астам бос жұмыс орны бар – әл-ауқат басқармасы

Алматы қаласында 12 мыңнан астам азамат қоғамдық жұмысқа тартылған. Жалақысы – 85 мың теңгеге жетіп отыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 24 тамыз — Sputnik. Алматыда 15 мыңнан астам ашық вакансия бар, оның ішінде жұмысшылар мен қызмет көрсету орындары қызметкерлеріне сұраныс көп. Бұл туралы Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, "Еңбек" бағдарламасы аясында алматылықтарды жұмыспен қамту, қайту оқыту, оларға қайтарымсыз мемлекеттік грант беру, микрокредит ұсыну секілді жұмыстар жүріп жатыр.

"Төтенше жағдай, карантин енгізілуі халықты жұмыспен қамту мәселесіне қатты әсер етті. Қазір "Еңбек" бағдарламасы жалғасып жатыр. Жыл басынан бері Алматыда 23 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнына орналасты. Қазір еңбек биржасында 15 мыңнан астам ашық вакансия бар. Оның ішінде жұмысшылар, сварщик, электрші, жүргізуші, жүк тасушы, қызмет көрсету орындарына даяшы, барменге сұраныс көп", - деді Әлкебайұлы.

Сонымен қатар, медицина қызметкерлері мен дәрігерлер іздеп жатқандар да көп. 

"Еңбек" бағдарламасында уақытша жұмыспен қамту да қарастырылған. Бізде қоғамдық жұмыс орындары бар. Жалақысы – 85 мың теңге. Алматы қаласында 12 мыңнан астам азамат осы жұмыстарда жүр. Жыл соңына дейін 15 мыңға жуық азаматты орналастыруды жоспарлап отырмыз", - деді Әлкебайұлы.

Айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бес есе көп. 2019 жылы 3 мың адам қоғамдық жұмысқа жіберілген.

Қалада жастарды жұмыспен қамтуға байланысты қолға алынған жобаның бірі – жастар практикасы. Ол бойынша қазірге дейін 869 жас маман жұмыспен қамтылды. 

"Бұл – оқуды жуырда тәмамдағандар үшін жақсы мүмкіндік. Олар алты ай бойы тәжірибеден өтеді, 69 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Алты айдан кейін жұмыс беруші тұрақты жұмыс ұсынуы мүмкін", - дейді Әлкебайұлы.

Сонымен қатар жыл басынан бері 500-ге жуық қала тұрғыны кәсіптік оқудан өткен. Оның ішінде дәнекерлеуші, даяшы жұмысын меңгергендер саны көп.

"Бүгінде көптеген мамандық керек болмай қалды, сондықтан адамдар қайта оқуға келеді. Сварщик, даяшының оқуын 500-ге жуық адам оқып шықты. Тағы 200-дей адам қысқамерзімді курстарды оқитын болады. Курс бір айдан алты айға дейін созылады. Шәкіртақысы төленіп отырады", - деді ол.

Мемлекеттік грант

"Кәсіп ашамын деген азаматтарға 555 мың теңге (200 АЕК) көлемінде шәкіртақы беріледі. 1306 адам осы грантты алды. Жыл соңына дейін 1705 адам грант алады деп жоспарланып отыр, ақша бөлінген", - деді Әлкебайұлы.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында немесе "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсын аяқтаған азаматтар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, көпбалалы отбасылар мемлекеттік грантқа өтініш бере алады.