Карантинде отау құруды шешкен жастар ақшаны тиімді жұмсау жолын айтты

Қазақстанда карантинді жеңілдетсе де, адам көп жиналатын шараларды өткізуге болмайды. Тойханалар әлі жабық. Эпедемиологиялық жағдай жақсарса, тойларды да өткізуге рұқсат етіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Ұзақ уақытқа созылған карантиннен кейін қоғамның тойға деген көзқарасы өзгеріп келе жатқан сияқты. Бүгінде прагматикалық ұстаным басым. Мәселен, тойдың ақшасына пәтер алатындардың саны көбейіп келеді. Бір бөлігін бизнеске де салып жатқан жастар аз емес. Sputnik Қазақстан тілшісі карантинге тап болған, бірақ екі жаққа да тиімді шешім қабылдай білген жас жұбайлармен әңгімелесіп, тойдың ақшасын қайда жұмсағанын және мұндай жағдайға қатысты құда-құдағидың ойын білді. 

Ойымыз бір жерден шықты 

Жезқазғандық Дәулет Әлімбаев астанада тұрады. Бірақ Павлодар облысында "Қазминералс" компаниясында қызмет етеді. Ол жаққа вахтамен бірнеше айға барып жүреді.

Дәулет болашақ жарымен ортақ достары арқылы танысқан. Айзада - Теміртаудың тумасы. Қазіргі кезде Қазақ агротехникалық университетте білім алып жүр. Биыл соңғы курсқа барады.

"Айзада екеуіміз бір басқосуда кездескенбіз. Сонда танысып, араласып кеттік. Жарты жылдай жүрдік. Ал мамыр айында үйленуге шешім қабылдадық. Бірақ карантиндік шектеулер бар. Оған қоса, мен вахтаға кетіп қалдым. Қазір әлі жұмыста жүрмін. Қыркүйектің ортасында шығамын. Оған дейін egov.kz порталы арқылы некені тіркеуге өтініш береміз. Оны бір айдай қарайды. Мен демалысқа шыққанда некені тіркеу туралы куәлік те дайын болады", - дейді Әлімбаев.

Карантинде отау құруды шешкен жастар ақшаны тиімді жұмсау жолын айтты

Оның айтуынша, келесі айда қыз жаққа барып, сырға салады. Одан кейін Айзаданы Жезқазғанда өзі туыстарымен таныстырады. Сол кезде көпшілік шараларға рұқсат берілсе, құдалық ұйымдастырылады. Беташар жасап, келін түсіреді. Бірақ рұқсат болса да, үйлену тойы жасалмайды. Жастар тойға жиналған ақшаға пәтер алуды көздейді.          

"Біз астанадан пәтер аламыз. Оған қоса, болашақ жұбайым әлі оқып жүр, соңғы курсы бар. Тойдың ақшасын алғашқы жарна ретінде пайдаланамыз. Тұрғын үй жинақ жүйесіне немесе "7-20-25" бағдарламасына құямыз. Бұның бәрін мен демалысқа шыққаннан кейін анықтаймыз", - деп атап көрсетті Әлімбаев.  

Қалыңдықтың туған-туыстары жастардың бастамасын бірден қолдады. Ал Дәулеттің ата-анасы "тойсыз қалай болады" деп біршама алаңдады. Бірақ карантин кезінде үлкен кісілерге қауіп төнетінін түсінді.  

"Өйткені біздің жақта да, олар жақта да үлкен кісілер бар. Ең бастысы, туған-туыстың амандығы мен саулығы ғой. Сондықтан ағайын-туысқа қауіп төндірмейміз деп, той жасамауды шештік. Айзаданың өзі де әу баста соны айтты. Сөйтіп, ойымыз бір жерден шықты", -  деп түйіндеді Дәулет.

Көп нәрсенің қадір-қасиетін түсініп жатырмыз

Астаналық Азамат Асқарұлы жұбайы екеуі биыл халық арасында кеңінен танылды. Олар наурыз-сәуір айларында үйлену тойын өткізуді жоспарлаған. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Содан теміржол мен көлік қатынасы тоқтатылды. Ал жастар қаладан шыға алмай қалды. Дегенмен, қалыңдықтың ата-анасы бейнебайланыс арқылы өз батасын берді, онлайн форматта құдаларымен де танысты. Осылайша, жас жұбайлар бірінші болып қашықтан бата алып, екі жақты онлайн таныстырды. 

Карантинде отау құруды шешкен жастар ақшаны тиімді жұмсау жолын айтты

Азаматтің өзі – актер. Әншілік пен режиссерлік өнері де бар. Жан жары Әсел де өнер жолында жүр. Кәсібі – дизайнер. Азамат өнер адамы болғаннан кейін үлкен той жасауды армандаған. Қонақтардың тізімін де жасап қойды. 450 адамға арналған тойдың өтетін жерін, беташарын, асабасын және шоу бағдарламасын ойластырып, біраз дүниесін дайындаған болатын. 

"Бірақ, шынымен де, адамның емес, Алланың қалағаны болады екен. Мына індеттен кейін көп нәрсенің қадір-қасиетін түсініп жатырмыз ғой. Мысалы, қазір ойлап қарасам, мен ештеңе жоғалтқан жоқпын. Келіншегім қасымда, ең бастысы, ақ некеміз бен екі жақтың ақ батасы да бар. Екі жақ та бір-бірімен тату-тәтті, біз бақытты өмір сүріп жатырмыз", - деп атап көрсетті Асқарұлы.

Пәтерге де салдық, бизнес те бастадық 

Азамат той өткізуге қарсы емес. Себебі ол жерде ағайын-туыс жиналады, тілек айтылады. Бірақ асып-тасып той жасау – таза ысырапшылық. Оған кеткен ақшаны тиімді пайдалануға болады.  

"Мен өзім, шамамен, есептеп көрдім. Нұр-Сұлтан қаласында орташа бір тойға 7-8 миллион теңге кетеді екен. Соны ары-бері ойлап, ортақ бір шешімге келдік. Өткен айда құдалармен таныстық. Енді, бір-ақ қадам қалды. Біздің жақ құдаларды шақырып, сол кісілерге елді, жерді көрсетуі керек", - деді Асқарұлы. 

Азамат пен Әсел тойға жиналған ақшаның бір бөлігін ипотекаға салды. Бұдан бөлек, шағын бизнес бастап кетті. 

"Біз көп нәрсені түсіндік. Шынымен де, ысыраптың не керегі бар? Былайша айтқанда, менің бұл тойға ешқандай өкінішім жоқ. Себебі менің тойымды 400 адам емес, 18 миллион адам болып тойладық. "Онлайн-той" деп, талай арналарға шықтық. Біз туралы көрші Ресей мен Кавказда жазды. Үлкен жобаларға қатыстық. Елдің батасын алдық. Бұдан артық не керек? Өзіміздің армандаған тойымыздан да артық болды. Ал ақшасын дұрыс жұмсап жатырмыз" - дейді Асқарұлы.