Қоғам

Махаббат хикаясымен танылған қос ғашық: қазақстандық жігітті полиция іздеп жатыр

Осыдан бірнеше жыл бұрын Марлен Нұрғасенов пен Анель Мұратованың махаббат хикаясы елді тәнті еткен еді – жас жігіт ауыр дертке шалдыққан ғашығының үнемі қасынан табылып, күтім жасады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Құлсарының 25 жастағы тұрғыны Марлен Нұрғасенов қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Әлеуметтік желілерде жас жігітті полиция іздестіріп жатқаны туралы ақпар тарады.

Ақпаратқа сәйкес, жас жігіт қасақана кісі өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын салды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Мой город" басылымы.

Атырау облысының полиция департаменті Құлсарыда 15 тамызда, шынымен де, 35 жастағы ер адам өлтірілгенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, күдікті іздестірілуде. Полиция оның кім екенін ашып айтпады.

Айта кетсек, Марлен соңғы рет Instagram-да осы жылдың 8 маусымында пост жариялаған.

Ал Анельдің жеке парақшасында Марленмен бірге түскен соңғы сурет үш апта бұрын жарияланыпты.

25 жастағы Марлен мен 26 жастағы Анельдің махаббат хикаясы көптің жүрегін елжіреткен еді. 2016 жылы әлеуметтік желілерде жас жігіттің сырқат сүйіктісінің оттегі баллонын тасып жүргені түсірілген сурет тарай бастады.

2009 жылы қыз ауыр дертке шалдығып, жеті жылдай емделді. Осы жылдар бойы Марлен ғашығының қасынан бір елі айырылмай, үнемі жанында болған. Тіпті, ауруханада да түнеген.

Анель Мұратова мен Марлен Нұрғасенов Атырау облысы Құлсары кентінде бір мектепте оқыды.