НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанның полиция департаменті тірек пунктіне жасалған "шабуылға" қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Видео Instagram-дағы "Жалобы Астана" аккаунтында жарияланды. Кадрдан қара киім киген бір топ адамның ғимараттың есік-терезесін ұрғылап жатқаны байқалады.
"Бұл тірек пункті емес пе? Не болып жатыр? Оң жағалаудағы үйдің тұрғындары сенбі күні таңертең тарсыл-гүрсіл мен айғай-шудан оянып кетті", - делінген жазбада.
Нұр-Сұлтанның полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме берді. Олардың ақпаратынша, 22 тамызда "Байқоңыр" ауданы полиция басқармасының базасында оқу-жаттығу өткен.
"Кеңейтілген жедел тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Ол 23 тамызда да жалғасады", - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Полиция елордалықтардан жүргізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарауды сұрады.